13.02.2026
Оқу уақыты: 3 мин

Тайс Томпсон ойындағы тәжірибе мен алдағы жоспарлар туралы айтты

Тайс Томпсон ойындағы тәжірибе мен алдағы жоспарлар туралы айтты

Астаналық «Барыс» осы айдағы алғашқы үй матчын санкт-петербургтік «СКА» командасына қарсы өткізді. Кездесуден кейін «Барыс» хоккей клубының шабуылшысы Тайс Томпсон Sportpulse.kz сайтына сұқбат берді. Әңгіме барысында ол командаға бейімделу үдерісі, мұз айдынындағы рөлі, эмоцияның маңызы және маусымның шешуші кезеңі алдындағы команданың мақсаты туралы айтып өтті.

Тайс, бүгінгі ойын туралы ойың қандай?
Менің ойымша, алғашқы екі кезеңді біз өте жақсы өткіздік. Ал үшінші кезең, шынын айтқанда, біздің ойынымыз болмады. Екі кезеңде өте сенімді ойнап, көп мүмкіндік жасадық, өз сәттеріміз де болды, бірақ, өкінішке қарай, шайбаны қақпаға кіргізе алмадық. Ал гол соқпай жеңіске жету мүмкін емес. Сонымен қатар Адамға да көбірек көмектесуіміз керек еді. Өз аймағымызда қателіктер жібердік, ал Адам бүкіл маусым бойы біз үшін нағыз тірек болып келеді. Бүгінгі ойынның үшінші кезеңінде оған жақсырақ қолдау көрсетуіміз керек еді.
Командадағы алғашқы күндерің қалай өтті? Бейімделу процесі қаншалықты жеңіл болды?
Әрине, Солтүстік Америкадан келіп, үйден алыс жерде болу маған сәл үйреншікті емес. Бірақ мен үшін бәрі жақсы өтіп жатыр. Қала да, команда да, клубтың ұйымы да ұнайды жалпы, мұндағы алғашқы маусымым көңілімнен шығып жатыр. Командадағы жігіттердің бәрі мені жақсы қабылдап, өзімді еркін сезінуге және ойынымды көрсетуге мүмкіндік берді. Осындай ортада бейімделу де әлдеқайда жеңіл болады. Әрине, маусым барысында үйренетін, жетілдіретін тұстар болады, бірақ жалпы алғанда бейімделуім жақсы өтті деп ойлаймын.
— Сен ойын барысында физикалық күреске белсенді араласасың. Командаға энергия беру үшін эмоцияның рөлі қаншалықты маңызды?
Меніңше, эмоция – ойынның өте маңызды бөлігі. Егер құлшыныс пен эмоция болмаса, бұл ойынды ойнау қиын. Хоккей – өте қарқынды әрі бәсекесі жоғары спорт. Сондықтан мен әр ойында энергия мен бәсекелестік рухын алып шығуға тырысамын. Кейде ең үздік ойыныңды көрсете алмауың мүмкін, бірақ ондайда да «қосалқы жоспарың» болуы керек. Энергия мен жігерді әрдайым көрсетуге болады, сондықтан мен соны барынша тұрақты ұстауға тырысамын.

Мореллидің жарақатына байланысты сен бірінші бестіктің орталық шабуылшысы ретінде шығып жүрсің. Мұндай жауапкершілікке қалай қарайсың?
Мен үшін қай бестікте ойнайтынымның аса айырмашылығы жоқбірінші, екінші, үшінші немесе төртінші болсын. Кез келген ойыншымен тіл табысып, өз міндетімді атқара білуім керек деп ойлаймын. Қай рөл берілсе де, сол жұмысты атқаруменің міндетім. Бірінші бестік дегенге ерекше мән бермеймін. Бізде мықты ойыншылар көп, жақсы байланыстар бар. Кіммен бірге мұзайдынға шықсам да, бар күшімді салып, өз жұмысымды істеуге тырысамын. Менен талап етілетіні – сол.
Алда плей-оффқа дейін әлі ойындар бар. Команданың маңызды екі ұпайды жинап, көбірек гол соғуына көмектесетін қандай мықты тұстары бар?
Маусым ұзақ болады, оның ішінде түрлі кезеңдер болады: кейде гол жіберіп аласың, кейде өзің соға алмайсың, кейде қателік кетеді немесе сәттілік жетіспейді. Өкінішке қарай, осы маусымдағы басты мәселеміз – гол соғу. Ал бұл – ойынның ең маңызды бөліктерінің бірі. Бірақ мәселе жігіттердің тырыспауында емес деп ойлаймын. Киім ауыстыратын бөлмеде әр ойында бар күшін салатын ойыншылар көп, бұл – үлкен плюс. Біздің командада оңай берілетін ешкім жоқ, жігеріміз мықты.
Ал гол соғу үшін позитивті көңіл күйді сақтап, жұмысты жалғастырып, қақпаға жиі соққы бағыттап, ойынды қарапайым түрде ұстау керек. Бүгінгі ойынның үшінші кезеңінде біз осыдан сәл ауытқып кеттік, бірақ алғашқы екі кезеңде көп мүмкіндік жасадық. Алдағы ойындарда нәтиже көрсету үшін – тек еңбектеніп, алға қарай ұмтыла беру керек.

Сұхбатты алған Жайлаубай Айдай