13.02.2025
Оқу уақыты: 3 мин

Спорт пен философияны біріктірген — Жапония

Спорт пен философияны біріктірген — Жапония

Жапония – ежелден бері жауынгерлік өнерлердің отаны саналып келген ел. Самурай дәуірінен бастап, бүгінгі күнге дейін бұл елде жауынгерлік дәстүрлер сақталып, дамып келеді. Жапон жекпе-жек өнерлері тек спорт түрі ғана емес, сонымен қатар философия, өзін-өзі тәрбиелеу, рухани жетілу жолы болып есептеледі. Жапон спорты дегенде, ең алдымен дзюдо, сумо сынды спорт түрлері елестейді. Бірақ біз бұл мақалада күншығыс елінің ең пайдалы әрі философияға бағытталған спорт түрлері жайында баяндаймыз.

Айкидо

Айкидо – жапон жауынгерлік өнерлерінің ішіндегі ең ерекше және философиялық бағыттағы спорт түрлерінің бірі. Бұл жекпе-жек түрі ХХ ғасырда Морихэй Уэсиба (1883–1969) есімді ұлы шебердің бастамасымен дамып, әлемге кеңінен тарады. Айкидо атауы үш иероглифтен тұрады:

• Ай (合) – үйлесім, бірігу
• Ки (気) – энергия, өмірлік күш
• До (道) – жол, әдіс

Осылайша, айкидо – “энергиямен үйлесім табу жолы” деген мағынаны білдіреді.

Айкидо философиясы мен ерекшелігі

Айкидоның басты ерекшелігі – қарсыласқа қарсы шабуыл жасамау. Бұл өнерде қарсыластың энергиясын өзіне қарсы бағыттау қағидаты жатыр. Яғни, айкидошы шабуылдаушының күшін өз пайдасына қолданып, оны бейтараптандыруды үйренеді.

Айкидо философиясының негізгі қағидалары:

• Агрессияға жауап ретінде зорлық-зомбылықты қолданбау
• Қарсыласқа зиян келтірмей, оны бейтараптандыру
• Дене мен рухты үйлестіру арқылы өзін-өзі жетілдіру

Кудо

Кудо – жапон жекпе-жек өнерлерінің ішіндегі ең қатал спорт түрлерінің бірі. Бұл жекпе-жек бағыты ХХ ғасырдың аяғында Азумо Такаши шебері негізін қалаған дайдо дзюку каратэ мектебінен бастау алады.

Кудо – каратэ, дзюдо, муай-тай және бокс элементтерін біріктіретін толық контактты спорт. Бұл өнерде спортшылар каска (басқа арналған арнайы шлем) мен қолғап киіп, толық күшпен ұра алады.

Кудо ерекшеліктері мен техникасы

Кудо – әмбебап жекпе-жек өнері, мұнда әртүрлі қашықтықта соққы жасауға мүмкіндік бар:

• Жақын қашықтықта: Локотьпен соққылар, дзюдодан алынған лақтырулар
• Орта қашықтықта: Жұдырықпен және тіземен соққылар
• Ұзын қашықтықта: Тепкілер, секіру соққылары

Кудо техникасы реалистік жекпе-жекке негізделген. Бұл спортта тек соққы ғана емес, лақтырулар, буындарды бұғаттау, тұншықтырулар да қолданылады.

Кендо

Кендо – жапондық семсерлесу өнері, оны “қылыш жолы” деп те атайды. Бұл спорттың тарихы ежелгі самурайлар дәуірінен басталады.

Кендо техникасы катанамен (жапон семсері) шайқасуға негізделген, бірақ қазіргі заманғы кендо сабағында синнай (бамбук қылыш) және боккен (ағаш қылыш) қолданылады.

Кендо философиясымен ерекшелігі

Кендо – тек семсерлесу техникасы ғана емес, рухани даму жолы. Бұл спорттың басты мақсаты – адамның ерік-жігерін шыңдау, мінезін қалыптастыру және өзін-өзі бақылауды үйрету.

Кендо техникасы төрт негізгі соққыдан тұрады:

1. Мен (басқа соққы)
2. Котэ (қолға соққы)
3. До (денеге соққы)
4. Цуки (мойынға түйреу)

Қорытынды

Жапон жекпе-жек өнерлері әртүрлі бағыттарда дамығанымен, олардың ортақ мақсаты – рухани және физикалық жетілу. Айкидо шабуылға емес, қорғанысқа басымдық береді. Кудо – қазіргі заманғы әмбебап жекпе-жек, ал кендо – самурайлар дәстүрін жалғастыратын семсерлесу өнері.

Бұл спорт түрлері тек жекпе-жек дағдыларын үйретіп қана қоймай, адамды шыдамдылыққа, тәртіпке және рухани тепе-теңдікке тәрбиелейді.