16.02.2025
Оқу уақыты: 1 мин

СҚО хоккейді дамытуға миллиардтар бөлмек

СҚО хоккейді дамытуға миллиардтар бөлмек

КазТАГ мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы хоккейге ірі көлемде қаржы салуды жоспарлап отыр.

Мемлекеттік сатып алу порталында спорт клубтарын қаржыландыру және 2025-2027 жылдары облыс атынан республикалық және халықаралық жарыстарға хоккей командаларын жіберу туралы екі хабарландыру жарияланды.

Алғашқы тендер аясында 964,47 млн теңге бөлу көзделіп отыр, ал өтінімдер қабылдау ақпанның соңына дейін жалғасады. Екінші тендер бойынша 2,67 млрд теңге бөлінбек, ал өтінімдер қазірдің өзінде қабылдануда.

Жалпы қаржыландыру көлемі 3,633 млрд теңгеге жетті. Бұл шешім Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаңтар айының соңындағы кеңейтілген үкімет отырысында бюджет қаражатын үнемдеуге шақырған мәлімдемесінен кейін қабылданып отыр. «Белді буып, қолда барға қарай өмір сүретін уақыт келді», — деген болатын мемлекет басшысы.