19.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Ситиге» Хусанов пен Стоунз тандемі керек – сарапшы «Реалға» қарсы ойын туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Бүгін кәрі құрлықтың басты доп додасы – Чемпиондар лигасы плей-оф кезеңінің жауапты матчында «Реал Мадрид» аяқдопшылары «Манчестер Сити» командасымен күш сынасады. 1/8 финалға жолдама сарапқа салынатын ойын Испаниядағы «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтеді. Екі команда арасындағы бірінші кездесу Англияда 3:2 есебімен, испандық ұжымның пайдасына шешілген болатын.

Sport Pulse тілшісіне сұхбат берген футбол комментаторы Жандос Байділда алдағы матчқа болжам жасап, қос команданың қазіргі ойын өрнегі жайлы пікір білдірді.

«Реал Мадрид» vs. «Манчестер Сити»: нағыз классика

«Реал» және «Манчестер Сити» арасындағы матч соңғы жылдары шынымен де классикаға айналды. Бұл екі команда көбіне Чемпионар лигасының жартылай финалында кездесіп жүретін. Биыл жаңа форматқа байланысты екеуінің жолы ерте түйісті. Дәл осы кезеңде бұл екі команданы көреміз деп ешкім ойлаған жоқ. «Реал» да «Манчестер Сити» де суырылып, үздік сегіздіктің қатарында болады деген үміт болған. Бірақ жағдай осылай.

Хусанов пен Стоунз тандемі

Өткенде АПЛ-дың кезекті турында «Манчестер Сити» «Ньюкасл» командасын 4:0 есебімен тізе бүктірді. Омар Мармуш алғашқы хет-тригін жасады. Гвардиола шәкірттері қорғаныста да өте жинақы ойнады. Өзбек футболшысы Хусанов пен Стоунз тандемі «Сантьяго Бернабеудегі» матчта да жақсы нәтиже беруі мүмкін.

Сондай ақ «Ситиге» жаңа ойыншы Нико Гонсалес қосылды. Пеп оған жақсы бағасын берді. Родридің жоқтығына байланысты осы маусымда «Сити» көп таяқ жеген болатын. Енді осы Нико Гонсалес бүгін алғашқы минуттан бастап алаңға шығу мүмкін. Өйткені өткен ойында Натан Аке мен Рубен Диаш көп үміт ақтамады.

Кім жеңеді?

Нақты қай команданың жеңіске жететінін мен қазір дөп басып айта алмайын, бірақ ашық ойын болатынына сенім мол. Бүгінгі мачта екі команданың да гол соға алатындығы анық. Және ойында қақпақаға кірген доп саны үштен асатын шығар. Мысалы, 2:2 есебі немесе 3:1 есебі тіркелуі мүмкін.

Басты сурет: Reuters