23.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Шымкентте боксшы ағайынды Сабырхандарға құрмет көрсетілді

Шымкентте боксшы ағайынды Сабырхандарға құрмет көрсетілді

Шымкентте бокстан әлем чемпионы атанған Махмұд пен Төрехан Сабырхандарға салтанатты түрде құрмет көрсетіліп, сыйақы табысталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Осы жылы Англияда өткен бокстан әлем біріншілігінде жеңіске жеткен ағайынды спортшыларға пәтер мен автокөліктің кілттері табысталды.

Салтанатты жиын қалалық әкімдікте өтті. Шара барысында халықаралық ареналарда топ жарған жергілікті спортшылар да марапатталды. Атап айтқанда, бокстан жастар арасындағы 2025 жылғы Азия чемпионы Санжар-Әли Бегалиев, тоғызқұмалақтан үш дүркін әлем чемпионы Ғалымжан Темірбаев және қазақ күресінен үш дүркін әлем чемпионы Жұмажан Қожамбековке де пәтер сыйға берілді.

Ағайынды Сабырхандардың жаттықтырушысы Ілияс Оралбековке де ерекше құрмет көрсетіліп, оған да пәтер кілті табысталды.

Әкімдік баспасөз қызметі барлық сыйлықтар спортшылар мен жаттықтырушыға демеушілер есебінен берілгенін атап өтті.