13.02.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Шота Абхазава: менің арманым – Формула 1 бәсекесінің Қазақстандағы Гран-приі

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Шота Абхазава: менің арманым – Формула 1 бәсекесінің Қазақстандағы Гран-приі

TEXOL компаниялар тобының негізін қалаушы Шота Абхазава – кәсіпкер ғана емес, ол автожарыстарға қатысып жүрген мықты спортшы және көлік құрастырушы. 2024 жылы оның ArtLine Kazakhstan командасы Lamborghini Super Trofeo сериясының жеңімпазы атанған. Шота Абхазава бұл жетістікпен шектелмей, Атырауда Формула 1 Гран-приіне арналған жол салуды армандайды.

Дәлірек айтқанда, бұл жай ғана арманы емес – ол оны жүзеге асыру үшін бар күшін салуда.

Біз Шота Мерабовичпен кездесіп, сұхбат құрдық. Ол неліктен Қазақстандағы Формула 1 жобасына Батыс Қазақстанның таңдалғанын (бұл жерде мұнайдың еш қатысты жоқ) және бұл идеясы жол-көлік оқиғаларының статистикасын жақсартуға қалай әсер ететіні туралы айтып берді.

Өткен автожарыс маусымынан қандай әсер алдыңыз?

Маусым біз үшін өте қиын басталды. Қарқын алу үшін көп уақыт жұмсадық, қарсыластардың шеберлігі таңғалдырды, жолымыз болмаған сәттер де көп – бұл өзіме де, командама да қатысты. Маусымның ортасында көліктің баптауларын айтарлықтай жақсартып, басқару деңгейін көтердік, жылдамдығымыз артты. Ал маусым соңында қарсыластарымыздан басым түстік. Жарыс жолын жылдам өтіп, үздік команда екенімізді дәлелдей білдік.

Жалпы, мен бір заңдылықты бұрыннан байқап келемін: егер ArtLine Kazakhstan маусымды жеңіл бастаса, оның сәтті аяқталатынына кепілдік жоқ. Ал егер басы қиын болса, соңы керсінше жақсы болады.

Маусымдағы жеңіс оңай келді ме?

Біз қатысқан санатта чемпион соңғы бәсекеге дейін анықталған жоқ. Шешуші ауыр жарыстарда Шабандозымыз Егор Оруджев жеңіске жете білді. Бұл үлкен, шабандоздарға толы серия, әр кезеңде 52 көлік жарысты. Спортшылардың деңгейі өте жоғары, барлығының мықты тәжірибесі бар. Сондықтан бұл жеңіс бізге оңайға түскен жоқ.

2025 жылғы Lamborghini Super Trofeo маусымы сәуірде басталады. Қандай жоспарларыңыз бар?

Әрине, біз өзге командалармен күш сынасуды жалғастырамыз. Бұл – әлемдегі ең үздік жарыстардың бірі, темір тұлпарлар өте жылдам. Серияда барлық көліктер бірдей, яғни нәтиже автомобильдің ерекшелігінен емес, баптауларға, командалық жұмысқа және шабандоздың шеберлігіне байланысты. Бұл – әділ әрі қызықты жарыс.

Бірақ біздің амбицияларымыз Lamborghini Super Trofeo-мен шектелмейді. Біз жарыс көліктерін шығару бағдарламасын дамытуды қолға алдық. Темір тұлпарларды 1,5-2 жылдан кейін жұртшылыққа таныстыру жоспарлануда. Жаңа көліктерді Алматыдағы «Сокол» автодромының трассасына және Атырауда құрлысы жоспарланып отырған жолға арнаймыз.

TEXOL өндірісі орналасқан Атырауда автоспортты дамыту бойынша үлкен жоспарыңыз бар. Тіпті, Формула 1 жарысына арналған трассаның құрлысын жүргізуге бел будыңыз. Неліктен бұл жобаға Батыс Қазақстан таңдалды?

Біріншіден Атырау – географиялық тұрғыдан Еуропа аумағында орналасқан, осылайша қала автоспорттың белсенді аймақтарына жақын. Екінші маңызды фактор: Атырау –Қазақстанның мұнайлы астанасы, онда көптеген қаржылық ресурстар шоғырланған.
Ел басшылығы экономиканы әртараптандыру қажеттігін жиі айтады. Біздің жобаларымыз осы талапқа сәйкес келеді. Меніңше, Атырау табиғи ресурстарға тәуелді болмауы керек. Дубайды қараңыз – иә, қала мұнайдан түскен табысқа салынған, бірақ қазір шаһар мен елдің экономикасы мұнай-газ секторына тәуелді емес.

Мен Атырауды жақсы көремін, бұл менің – батыр қалам. Мақсатым осы аймақтың өмірін өзгерту. Біз қазірдің өзінде Орталық Азияда ең тиімді болуы тиіс вагон құрастыру зауытын іске қостық, өңірді индустрияландыруды кеңейтеміз, роботтар өндірісін іске қосамыз. Бізге білікті, техникаға мықты қызметкерлердің жаңа буыны қажет.

Енді сұрақ – инженерлік ой қай салада барынша тығыз шоғырланған? Дұрыс, автомобиль құрастыру саласында. Ал жарыс көліктерін шығару — инженерлік ойдың шыңы. Біздің инженерлер халықаралық нарықта сұранысқа ие идеялардың авторы бола алады деп сенемін.

Ал енді Формула 1 трассасы туралы сөз қозғасақ, біз бұл жай ғана автожарыс сериясы емес – бұл өркениеттің даму белгісі екенін түсінуіміз қажет. Мысалы, Әзірбайжанда автоспорт өте танымал спорт түрі болған емес, бірақ Бакуде Гран-при өткізілгеннен кейін бұл жағдай өзгерді. Сонымен қатар, Формула 1 – инвестицияларды тартатын және жұмыс орындарын ашатын туризмнің қозғалтқышы.

Жалпы, мен өз миссиямды былай деп түсіндірер едім: Атырау қоғамда тек вахталық жұмысқа келетін қала ретінде қабылданбауы тиіс. Ол индустриялық және туристік жобалардың шаһарына айналуы тиіс.

Бұл қадамға қаланың әлеуеті ғана емес, жеке көзқарасыңыз да әсер етті ме?

Әрине, Атырауда тұрғаныма 30 жыл болды, бұл қала мен үшін ерекше. Бірақ, әрине, ең бастысы объективті әлеует. Дубайдан айырмашылығы, тұщы су бар, 50 градус ыстық жоқ.

Тағы бір маңызды фактор – бала туу көрсеткішінің жоғары болуы. Өкініштісі, Атырауда туып, басқа облысқа көшіп кеткендер бар. Мен біздің қалаға білімді де білікті адамдар келгенін қалаймын және бұған қол жеткізуге болатынына сенімдімін.

Қазақстандықтардың автоспортқа деген қызығушылығы қандай деңгейде?

Бұл біздің ел үшін жаңа құбылыс, бірақ үлкен әлеуетке ие. Жарыс өтетін жолдар үнемі адамдардың қызығушылығын ояды. Шынымды айтсам, мен қалалық бәсекелерді ұнатпаймын: олар әсерлі, бірақ жарыс аяқталғаннан кейін трасса жабылады. Ал адамдар жаттығатын және бос уақытын өткізетін автодромдардың болуы өте маңызды.

Қазақстанда жол-көлік оқиғалары бойынша көрсеткіштер өте нашар екені белгілі. Жастар сағатына 200-240 шақырымға жететін көліктерінің жылдамдығын сезінгісі келеді және өкінішке орай қала ішінде ойын іске асырады. Ал бұл мәселені шешетін автодромдар: онда өзің және өзге адамдар үшін қауіпсіз жағдайда көлікті жоғары жылдамдықпен жүргізуге болады.

Былай деп айтайын: автодромда көлігінің жылдамдығын сынап көрген адам, қоғамдық жолдарда қауіпті әрекеттерден аулақ болады.

Футбол сияқты дәстүрлі спорт түрлерінің өкілдері балаларды спортқа тарту басты мақсатымыз деп жиі айтады. Ал автоспорт қымбат спорт түрі екенін ескерсек, ол көпшілікке қолжетімсіз болмай ма?

Иә, бұл спорт түрі қымбат, бірақ оның қолжетімді нұсқасы – картинг. Онымен айналысқан балалар болашақта жақсы көлік жүргізушісі болады, сондықтан, әрине, олардың назары маңызды. Сонымен қатар, автоспортқа ерте жастан келгендер арасында инженерлер мен техникалық жоғарғы оқу орындарының студенттері болып жатқандар көп. Ал елдің дамуы үшін станоктар мен шикізат емес, адамдар маңызды.

Автоспортта Формула 1 бәсекесінен басқа тағы қандай қызықты жарыстар бар?

Иә, Формула 1 – автоспорттың патшайымы. Бұл техникалық жетістіктердің шыңы, бұл тіпті үлкен академиялық ғылым. Формула 1 дарынды шабандоздардың ортасына айналды. Бұл жарысқа қатысу үшін көп тер төгуге тура келеді. Менің арманым – Қазақстан Гран-приін өткізу.

Автоспортта басқа да қызықты бәсекелер бар. Атап айқанда, FIA GT чемпионаты немесе Формула 3. Жалпы, біздің міндеттеріміздің бірі – қымбат маркалардың қарапайым көліктері сияқты қолжетімді болатын, жарыс автомобильдерінің прототипін шығару.

Сіз Формула 1 бәсекесінде қай шабандозға жанкүйерсіз?

Өткен маусымда Ferrari және Шарль Леклерге жанкүйер болдым. Бірақ менің басты кумирім – ұлым Александр Абхазава. Ол Формула 3 жарыстарында өнер көрсетіп жүр, арманы Формула 1 бәсекесінде бағын сынап көру. 2025 жылы ол Еуропа Кубогына қатысады, біз онда жеңіске жетуге бел будық.

Александр Абхазава

Басқа қандай жобаларыңыз бар?

Біріншіден, бұл жарысқа арналған автомобильдерді шығарумен айналысатын конструкторлық бюро. Екіншіден, Мәскеу маңындағы Мячковода, Грузияның Рустави қаласында, Латвиядағы Рига шаһарының жанында бәсекеге арналған бірнеше жол салу. Бұл хобби емес, бұл біздің холдингтің маңызды бөлігі. Бірақ біздің ең үздік жобамыз Атырауда жүзеге асатынына сенімдімін.