25.12.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Шеге майыстырып, ұшақ сүйреген «Қазақ титанының» Колумбиядағы чемпиондық жолы

IMG 8674

Sport Pulse тілшісі Колумбиямен Америкада өнер көрсетіп журген, “Qazaq Titan” лақап атымен танымал спортшы Алмат Жұманмен жүздесіп, сұхбат құрды. Алмат бізге Колумбиядағы жекпе-жектерімен, ұшақ, пойыз секілді көлік түрлерін қалай сүйрегені туралы айтып берді.

 

Көпшілік сені шеге майыстырған, пойыз, ұшақ сүйреген қазақ деп танып жатады. Бұл әрекеттерге баруға не түрткі болды?

Шеге майыстыру, ұшақ сүйреу, пойыз сүйреу деген сияқты әрекеттерді еш дайындықсыз жасадым. Былай айтқанда хобби ретінде қарастырамын. Оған арнайы жаттығу жасап дайындалған жоқпын. Құдайдың берген қара күшімен жасалған іс. Бәрі де бір сәтте болды. Тіпті оған дайындалатын мүмкіндік те жоқ. Өйткені пойыз, ұшақ сүйреу үшін оған рұқсат алу деген сияқты жұмыстары көп.

 

IMG 8679

Қазіргі таңда Колумбияда жекпе-жектер өткізіп жүрсің. Ол жерге қалай тап болдың? 

Осыдан екі жыл бұрын Колумбиядан ұсыныс түсті. Ол жақта екі жекпе-жек өткізіп, екеуінде де нокаутпен жеңдім. Қарсыластың біріншісін 30, екіншісін 39 секундта қалың ұйқыға жібердім. Осы нокауттардан кейін жекпе-жекке тағы да ұсыныс түсті. Ол жақта гонорар жақсы төленеді. Алдағы уақытта рейтингті жекпе-жектерге шығып, биік шыңдарды бағындырсам деген жоспарым бар.

Колумбиялық жанкүйерлер танып, суретке түсіп жататын сәттер бола ма?

Иә, Колумбияда жанкүйерлер таниды. Қолтаңба сұрап, суретке түсіп жатады. Олар бокстан басқа, жалаңқол төбелеске шыққан жекпе-жектерімді де көреді екен.

Жақында Латын Америкасының чемпионы атандың. Бұл белбеу қаншалықты маңызға ие?

Жоғарыда айтып өткендей, екі жекпе-жекті нокаутпен аяқтағаннан кейін олар маған тағы да ұсыныс жасады. Сәйкесінше келесі жекпе-жек чемпиондық айқас болды. Мен бірден келістім. Сонау мұхит асып келген соң, бұндай мүмкіндікті жіберіп алғым келген жоқ.

IMG 8678

BKFC-да өнер көрсеткен алғашқы қазақ атандың. Жалаңқол төбелес өміріне тым қауіпті деп ойламайсың ба?

Менің басты мақсатым BKFC белбеуін жеңу. Әрине, денсаулыққа қауіпті. Бірақ бала кезімнен төбелеске құмар адаммын. Әуесқой жекпе-жектерде де шығып, өнер көрсеткенмін. Төбелесу маған ұнайды. Шетелге шығып, сондай жетістіктерге жетсем екен деп армандайтынмын. Қазір сол арман жолында тер төгіп жүрмін.

Айта кету керек, лиганың жарты акциясын Конор Макгрегор сатып алған. Конорды бүкіл әлем таныған соң, BKFC-ді де кейбірі Конор арқылы таниды. Қазір бұл лиганың танымал бола бастағаны сонша, екі ай бұрын әйгілі DAZN арнасы да лиганың трансляциясын көрсетеді. Қазақстаннан DAZN-ға Геннадий Головки ғана шыққан. Онда шыққан екінші қазақ өзім атанғым келеді.

IMG 8682

Қазақстандық кәсіби бокс немесе жалаңқол төбелес промоушндарын қаншалықты көресің? Қазақстанда өнер көрсету ойда бар ма?

Қазақстанның ММА лигаларынан жақсы ұсыныстар түсіп жатса, шығамын деген ой бар. Өйткені менің базам онсызда қоян-қолтық ұрыс. Жақсы күресемін. Ал қазақстандағы жалаңқол төбелес пен Америкадағы BKFC-дің айырмашылығы жермен көктей. Америкада ешқандай қолғапсыз, тек бинтпен шығамыз. Сонымен қатар ол жердегі жекпе-жектер Boxrec сайтына ресми түрде тіркеледі. Ал біздегі жалаңқол промоушндарда ММА қолғабымен өтеді және Boxrec-ке тіркелмейді.

Лақап атыңды «Қазақ титаны» деп атауыңа не түрткі болды?

Мектеп кезінде қолым сынып жарақат алған кезде, титан деген темір салған болатын. Ол күресіп жатқан кездегі оқиға еді. Бала кезде аралас жекпе-жектерді тамашалаған сәтте небір жұлдыздардың таңғаларлық лақап аттары болатын. Кейін менде өзімді «Қазақ титаны» деп атадым.

 

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев