28.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Шавкат Рахмоновтың отбасы жол апатынан кейін ауруханадан шықты

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Шавкат Рахмоновтың отбасы жол апатынан кейін ауруханадан шықты

UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың жары мен 3 жасар ұлы 27 шілде күні Алматы – Екатеринбург тас жолының бойында болған жол апатынан зардап шекті. Оқиға Жамбыл облысы, Ақсуйек ауылы маңындағы 296-шақырымда тіркелген.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 34 жастағы әйел мен оның ұлы Шу қалалық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер екеуіне де жабық бас-ми жарақаты және ми шайқалуы диагнозын қойған. Жағдайлары орташа ауыр деп бағаланған.

Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқастар ауруханадан жазылып шығып, Алматыға жол тартты. Дәрігерлерге ешқандай шағым түспеген.

Жол апаты кезінде Toyota Land Cruiser 200 көлігінің жүргізушісі басқаруды игере алмай, көлік аударылып кеткен. Оқиға салдарынан екі әйел қаза тапты. Полиция бұл факті бойынша екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болған жол ережесін бұзу бабымен сотқа дейінгі тергеуді бастады.