20.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Шахматтан әлем чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы турнирді сәтті бастады

Шахматтан әлем чемпионаты: Қазақстан әйелдер құрамасы турнирді сәтті бастады

Испанияның Линарес қаласында шахматтан әйелдер арасындағы командалық әлем чемпионаты басталды, деп хабарлайды Prosports.kz.

Кешегі 2 турдан кейін Қазақстан құрамасы А тобында 3-орынға тұрақтады. Алғашқы ойында біздің ойыншылар FIDE Team-ға есе жіберіп, кейін Әзірбайжаннан басым түсті. Бүгін үшінші және төртінші тур өтеді. Қазақстанның қарсыласы – Перу мен Испания. Айта кетейік, әйелдер арасындағы 10-шы командалық әлем чемпионатына (18-23 қараша) 12 үздік ел қатысып жатыр. Олар екі топқа бөлінген.

A тобы: FIDE Team, АҚШ, Қазақстан, Әзірбайжан, Испания, Перу.

B тобы: Қытай, Грузия, Украина, Франция, Өзбекстан, Үндістан.

Мұнда уақыт есептеу FIDE «жылдам классика» атап жүрген 45+30 бойынша өтеді (партияға берілген 45 минутқа әр жүрістен кейін 30 секунд қосылып отырады). Топтық кезеңде әр себеттен үздік 4 командадан анықталады. Ал 2-сатыдағы матчтар нокаут-жүйесіне ауысады (жеңілген құрама жарысты аяқтайды).

Еске сала кетейік, Қазақстан құрамасы — 2023 жылғы әлем чемпионатының және 2024 жылғы шахмат Олимпиадасының күміс жүлдегері. Қазір Ұлттық құрама 2382 орташа рейтингпен 6-орында тұр.