29.10.2024
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Сержан Сапарғалиев: Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс әрқашан жетім!

serzhan boika 1729615888940

Сержан Сапарғалиев кәсіби ММА-дегі мансабын 2019 жылы бастаған. Алғашқы жекпе-жегін Octagon Selection 7 турнирінде өткізіп, кәсіби ММА-ге жеңіспен қадам басты.

Мансабында Bushido Qazaqstan, Brave және Naiza ұйымдарында жекпе-жек өткізіп үлгерді. Кейінгі екі айқасына Octagon турнирі аясында шығып, екеуінде де жеңіске жетті. Octagon 62 турнирінде дағыстандық Надир Әлиевке қарсы жекпе-жек өткізбек. Екі жеңістен кейін сериясын жалғастыра ма? Sport Pulse тілшісі Сержанның өзімен тілдесті.

ММА-ге қалай келгені жайлы

Бала кезден октагондағы жарыстарды көріп келдім. Ол кезде негізінен қазақ пен қырғыз спортшылары жұдырықтасатын. Өзіміздің спортшылар жеңіліп жатқанда, осы октагонға шықсам ғой деп өзімді қажайтынмын.

Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді

Спорттағы ең қиын, ең ауыр кезі — жеңілістен кейін. Неше мәрте жеңілдім. Әр жеңілген сайын «болды, осымен қоямын» деп өзіме айтамын. Бірақ ары кетсе бір апта шыдаймын, одан кейін жаттығуға ораламын. Сондықтан сынбау қажет.
сержан

Анама хабарласамын

Жекпе-жекке шығар алдын анама хабарласамын. Осы күнге дейін 14 жекпе-жек өткізген екем. Әр айқасымның алдында анама хабарласып, ескертемін. Жекпе-жектен шыққан соң да хабарласып, жеңсем жеңдім, жеңілсем жеңілдім деп айтамын. Жеңісімді де, жеңілісімді де ең бірінші анама айтамын.

Жекпе-жекке «заряженныймын»

сержан2

Дағыстандық Надир Әлиевпен жекпе-жекке дайындық жақсы өтті. Әркез «заряженныймын». Тек салмақ қуу барысы ауыр әсер етті. Көңіл-күй болмай, өзімді жайсыз сезініп жүрдім. Десе де жекпе-жекке сақадай сай болып шығуға міндеттімін.

Ақша үшін ешкім октагонға келмейді

Әр спортшы чемпион болғысы келеді. Көк туымызды әлемдік аренада көтергіміз келеді. Ақша үшін ешкім октагонға келмейді. Ел қатарлы жұмыс істейміз. Жаттығамыз. Ешкімнен асып-тасып жатқан ештемеміз жоқ. Жұмыста нәпақамызды тауып, залда күш-қуатымызды шығарамыз.

Іні-бауырға айтарым — еңбектеніңдер

сержан3

Ізімізден келе жатқан іні-бауырға айтарым — тек еңбектеніңдер. Тәртіпті түзеп, алдыға мақсат қою қажет. Жеңіс бар жерде жеңіліс бар. Жеңілісті көтере білу керек. Сонда түбі жемісін көресің.

Жеңіс — әркез бөлек сезім

Жеңіс — әркез бөлек сезім. Ол жеңістің артында қаншама проблема, қаншама қиындық, ауыр сәттер, дайындық тұр. Осының бәрін еңсеріп, жеңіске жеткендегі сезім өте ерекше. Жеңістің дәмін сөзбен айтып жеткізе алмайсың. Жеңістің мың әкесі бар, ал жеңіліс әрқашан жетім!