19.09.2024
Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Сергей Хижниченко: Әп-сәтте бәрі мені ұмытып кеткеніне, ешкімге керек болмай қалғаныма таңғалдым

«Шахтердің» қазақ футболының тарихында алғаш рет еурододаның топтық кезеңіне шыққанына куә болған жандарға Сергей Хижниченконың есімі жақсы таныс. «Селтиктің» қақпасына гол соққан «Хижа» (әріптестері қойған аты — авт.) қазір тәжірибелі шабуылшыға айналған. Өскемен футболының түлегі туған қаласына оралып, «Алтайдың» жас футболшыларына өз тәжірибесімен бөлісіп жүр.

 

Sport Pulse екі жылдық үзілістен соң футболға оралған спортшыға хабарласып, қал-жағдайын сұрады.

 – Сергей, сізді жасыл алаңда көргенімізге қуаныштымыз. Жағдайыңыз қалай?

– Рақмет, бәрі жақсы. Алаңға оралғаныма өте қуаныштымын.

– Екі жылдық үзілістен соң «Алтай» сапына қосылдыңыз. Ұсыныс қалай түсті?

– Клуб Бірінші лигаға шыққан соң Егор Сергеевич Скулкин мен Нартай Маратбекұлы хабарласып, ұсыныс жасады. Ұзақ ойланған жоқпын. Не дегенмен туған қалам, туған командам емес пе.

– Команда Сізді қалай қабылдады? Жас ойыншылармен тәжірибеңізді бөлісіп тұрасыз ба? Не дегенмен еурокубокта ойнаған тәжірибеңіз бар…

– Команда жақсы қабылдады. Адаптация кезінде проблема болмады. Көп әріптесіммен бұрыннан таныспын. Футбол тілі әмбебап қой. Жас футболшылармен кәсіби қарым-қатынас жасаймыз. Күнде дамып, күнде өскенін қалаймыз. Барынша жігерлендіріп, көзіндегі отын оятуға тырысамыз. Осында және дәл қазір ойнау керегін, кейінге қалдыруға болмайтынын айтып жүреміз. Өйткені ертең не боларын ешкім білмейді.

– Вахид Масудов сізді алаңда көп көргісі келетінін, алайда ескі жарақаттарыңыз мазалап жүргенін айтты. Алаңға көп уақытқа шығу қиындық әкеле ме?

– Юнусовичпен толық келісемін. Маусымда алған жарақатымнан соң, соңына дейін емделмеген сыңайлымын. Көгеріп, тыртық қалып кетті. Ұлттық құраманың медициналық штабына көрсеткен көмегі үшін алғысымды жеткізгім келеді. Қазір бәрі тамаша, өзімді жақсы сезінемін. Ойнауға дайынмын!

IMG 7034

 – Маусым басында «Алтайдың» алдына қандай мақсат қойылды?

– Нақты бір мақсат қойылмады. Маусымның басын өте ауыр бастағаннан кейін, тым болмағанда бір ұпай алсақ дедік. Кейін бәрі түзеліп, орнына келді. Қазір әр ойынды ұтуға тырысамыз. 10 орынға келер болсақ, команда ішінде бізді ешкім қуып жете алмайды, біз ешкімді қуып жете алмаймыз деп қалжыңдаймыз. Бірақ турнир кестесінде әлі жоғары көтеріле алатындай күшіміз бар секілді!

– Ал сіз өзіңізге қандай мақсат қойдыңыз? Жасыл алаңға оралуға мотивацияңыз қандай болды?

– Мотивациям — футболға деген махаббатым. Өте сағындым. Алаңға шыққым келді. Бірақ маған «ол жауап қайтармады»! Желіде «мотивацияны көтеру керек» деген видео тараған еді. Сол секілді «Восток» стадионында қайта доп теуіп, Өскемендегі үлкен футболдың қайта жандануын көру мотивация сыйлады. Клуб жақын арада Премьер-лигаға оралса деймін!

– Әлі қанша уақыт кәсіби деңгейде ойнауды жоспарлап жүрсіз?

– Ең кереметі — «Алтай» сапында Премьер-лигада ойнап, командамен жүлде алу! Содан кейін барып, бұл туралы ойлануға болады.

IMG 7036

– «Ақсудан» кеткеннен кейін басқа командалардан ұсыныс түспеді ме?

– Самат Смақов «Жеңісте» жұмыс істеп жүргенде шақырған болатын. Командамен бірге жаттығып та жүрдім, бірақ соңында бір шешімге келе алмадық.

 –  Футболға оралмай тұрып екі жыл уақытыңызда не істедіңіз?

– Серіктесіммен Астанада киберспортқа бейімделген Cyber Lounge Pipes ашумен айналыстық. Келесі жылы Астанада CS2 ойыны бойынша ауқымды турнир өтеді. Бұл киберспортқа қызығатындар үшін үлкен мереке болмақ.

 Әп-сәтте бәрі мені ұмытып кеткеніне, ешкімге керек болмай қалғаныма таңғалдым. Футбол жағынан айтып тұрмын. Ұлымды мектепке беріп, жұбайымның трансформациялық ойынына қатыстым.

– Мансабыңызды аяқтаған соң бапкер болу ойыңызда бар ма?

– Бұл туралы ойланбаппын. Мүмкін футболда қалатын шығармын. Бапкер болып немесе функционер ретінде. Болашақта ойланып көремін.

 – «Шахтер» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан сәтінен бері 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Сол кездегі құрамдағы жігіттермен араласып тұрасыздар ма?

– Иә, біраз жігітпен хабарласып тұрамын. Вадим Боровский, Михаил Габышев, Саша Симчевичпен сөйлесемін. Виктор Балютович Кумыковпен кездесіп, құшақтап, мықты бапкер екенін айтып келеді. Қазір бапкер болып жүрген Вадим Боровский айтуынша, жаттығу процесінде істеген әрбір жаттығуымыз керемет болған екен.

IMG 7037

– Жас ойыншыларға айтар ақыл-кеңесіңіз болса…

– Жас футболшыларға алаңға көп «ұйықтамай», жылдам ойланып, шешім қабылдайтын деңгейге жетсін деймін. Алаңдағы өзгерісті бірден түсініп, бапкердің одан не қалайтынын тыңдай білгені дұрыс. Алдарына ең жоғары мақсатты қойып, әлем чемпионатында ойнауды арман етсін деймін! Мүмкін ол жаққа жетпейтін де шығар, бірақ жарты жолда Голландия не Бельгия секілді елдерде ойнаудың өзі жаман емес.