Оқу уақыты: 1 мин

«Атлетик» фаворит, «Буде-Глимт» гол соғады — сарапшының Еуропа лигасының жартылай финал матчтарына болжамы

«Атлетик» фаворит, «Буде-Глимт» гол соғады — сарапшының Еуропа лигасының жартылай финал матчтарына болжамы

Еуропа лигасы жартылай финалының алғашқы матчтары мамырдың 1-нен 2-не қараған түні Қазақстан уақыты бойынша сағат 00:00-де басталады. Бильбаода «Атлетик» «Манчестер Юнайтедті» қабылдайды, ал Лондонда «Тоттенхэм» турнирдің басты сенсациясы — Норвегияның «Буде-Глимт» командасымен кездеседі.

Ширек финалда «Атлетик» екі матчтың қорытындысы бойынша «Рейнджерсті» 2:0 есебімен жеңді. «МЮ» аяқдопшылары «Лионды» 7:6 есебімен тізе бүктіріп, келесі кезеңге шықты. «Буде-Глимт» «Лационы» жарыстан шығарды: екі матчтың есебі — 3:3, пенальти — 3:2. «Тоттенхэм» «Айнтрахттан» айласын асырды — 2:1.

Sport Pulse порталына әйгілі комментатор Олжас Байбосынов жартылай финалдың бірінші матчтарына қатысты пікір айтты:

Атлетик – Манчестер Юнайтед

— «Манчестер Юнайтед» «Сан-Мамес» стадионында «Атлетик» аяқдопшыларымен күш сынасады. Алаң қожайындары осы маусымда мықты, оның үстіне ақтық ойын олардың стадионында өтеді. Бұл жұпта фаворит — испандықтар. Жеңіске деген мүмкіндігі мол және тәжірибесі бар: 2012-ші жылы «Атлетик» аяқдопшылары «МЮ»-ды 2:1 есебімен ұтты. Енді олар жартылай финалдың бірінші матчында жеңіске жетеді деп ойлаймын.

Тоттенхэм – Буде-Глимт

— «Буде-Глимт» — турнирдің басты сенсациясы. Бұл — еурокубок тарихында жартылай финалға шыққан алғашқы норвегиялық клуб. Енді «Тоттенхэмге» қарсы сырт алаңда ойнайды. Айқын фаворит — ағылшындар. Дегенмен «Буде-Глимт» сырт алаңда гол соғады деп ойлаймын. Қос командадан да нәтижелі ойын күтеміз.

Ақтық ойын 21-ші мамырда Бильбаодағы «Сан-Мамес» стадионында өтеді.

Басты сурет: Getty Images

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!