Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Сарапшының Чемпиондар лигасының ширек финал ойындарына болжамы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
Сарапшының Чемпиондар лигасының ширек финал ойындарына болжамы

Сәуірдің 8-інен 9-ына қараған түні Чемпиондар лигасының ширек финал ойындары басталады. Қазақстан уақытымен 00:00-де «Арсенал» мадридтік «Реалды» қабылдайды, ал «Бавария» «Интермен» кездеседі. Сәуірдің 9-ынан 10-ына қараған түні дәл осы уақытта «ПСЖ» «Астон Вилламен» ойнайды, ал «Барселона» өз алаңында дортмундтық «Боруссиямен» кездеседі.

Футбол сарапшысы Нүркен Мырзағалиев Sport Pulse порталына сұхбат беріп, алдағы ойындарға қатысты пікір айтты.

Арсенал – Реал Мадрид

– ПСВ-ге қарсы жарқын жеңістен кейін «Арсенал» мадридтік «Реалдан» өте ала ма?

– Ойыншыларының тәжірибесі мен шеберлігі арқасында «Реал» басымдыққа ие. Команда құрамында матч тағдырын жалғыз өзі шеше алатын футболшылар бар. Дегенмен, бұл жұптың жеңімпазы қарымта кездесуде белгілі болады деп ойлаймын.

«Арсеналдың» мәселесі көп, әсіресе шабуыл шебінде. Аяқдопшылардың жарақаттары бар. Соған қарамастан, команда қолында бар құрамды тиімді пайдаланып, АПЛ-де жақсы нәтиже көрсетуге тырысып жүр. Қызыққа толы ойын болады, бірақ меніңше, алғашқы матчта «Реал» жеңілмейді.

Сурет: Getty Images

Бавария – Интер

– «Байерді» тас-талқан еткен «Бавария» ұйымдасқан ойын көрсетіп жүрген «Интерге» қарсы қысым көрсете ала ма?

– «Интер» – жақсы ұйымдасқан команда. Сондықтан «Баварияның», басқа да клубтардың қысымынан қорықпайды. Бұл – мол тәжірибесі бар ұжым. Көптеген ойыншылары ірі турнирлерде өнер көрсетіп, әртүрлі деңгейде жеңіске жеткен.

Сондықтан бұл матчта фаворит кім екенін нақты айту қиын, бірақ мен «Интерге» сенімдімін – команданың тұрақтылығы, тактикалық ойын жүйесі және А сериясындағы өнері жақсы. «Бавария» қандай амал тапса да, «Интер» оған дайын болады.

«Интер» шабуылшысы Лаутаро Мартинес

ПСЖ – Астон Вилла

– «Ливерпульді» жеңген ПСЖ тағы да ағылшын клубына қарсы ойнайды. «Астон Вилланың» қорғанысы париждіктердің өткір шабуылына қарсы тұруға қаншалықты дайын?

– Өте қызықты матч болмақ. ПСЖ клубынан Чемпиондар лигасында дәстүрлі түрде көп нәрсе күтіледі, бірақ жұлдызды құрамы мен ресурстарына қарамастан, олар бұл трофейді әлі де жеңе алмай келеді.

«Астон Вилла» – Чемпиондар лигасының дәмін енді ғана татып жатқан команда. Оларда сәттілікке жету мотивациясы мен білікті бапкер – Унаи Эмери бар. Меніңше, алғашқы матчта «Астон Вилла» жеңілмейді. Бұл – қарсыласқа бейімделе алатын, икемді команда. Бізді тактикалық айқас күтеді – Луис Энрике мен Унаи Эмеридің дуэлі.

Унаи Эмери және Луис Энрике

Барселона – Боруссия Дортмунд

– Екі команданың қайсысы жартылай финалға шыға алады?

– Дортмундтық «Боруссия» аяқдопшылары Бундеслигада тұрақсыздық танытуда. Бірақ белгілі бір турнир шеңберінде олар жинақы ойнай алады. Соған қарамастан, мен алғашқы матчта және қарымта кездесуде де «Барселонаға» басымдық беремін. Каталондықтардың деңгейі мен қазіргі ойын өрнегі жақсы.

«Барселона» және «Боруссия» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде кездескен. Сурет: Getty Images

Басты сурет: antsyd/depositphotos.com

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!