Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

Сарапшы пікірі: «Боруссиямен» тең ойын — «Бавария» үшін жеңіліспен бірдей

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

12 сәуірде Бундеслиганың 29-турының орталық матчында мюнхендік «Бавария» «Альянц Аренада» дортмундтық «Боруссияны» қабылдайды. Кездесу Қазақстан уақыты бойынша 21:30-да басталмақ.

Спорт журналисі Всеволод Хван Sport Pulse тілшісіне алдағы матчқа қатысты пікір айтты:

«Бұл ойындағы нәтиже чемпиондық жарыстың тағдырын шешуі мүмкін.

Қазіргі чемпион «Байерден» 6 ұпай алда келе жатқан мюнхендіктер маусымның шешуші кезеңінде елеулі кадрлық қиындықтарға тап болды. Оның әсері Чемпиондар лигасының ширек финалында білінді — «Бавария» өз алаңында «Интерге» 1:2 есебімен ұтылған.

Мануэль Нойердің жарақатына байланысты қақпаны 21 жастағы Йонас Урбиг күзетуде. Оның өнері жаман емес, бірақ үлкен матчтардағы тәжірибенің жетіспейтіні байқалып тұр. Сонымен қатар жарақаттарға байланысты Джамал Мусиала, Кингсли Коман, Альфонсо Дэвис, Дайо Упамекано және Хироюки Ито командаға көмектесе алмайды. Негізгі қорғаушылардың болмауы салдарынан алаң ортасында өнер көрсететін Конрад Лаймер «Интерге» қарсы матчта оң қанаттағы қорғаушы болуға мәжбүр болды. Соған қарамастан, «Бавария» тұрақсыз ойын көрсетіп жүрген «Боруссиядан» басым болуы тиіс.

«Боруссияның» да қорғаныста мәселелері жетерлік. Никлас Зюле енді ғана қатарға қосылса, Нико Шлоттербек пен Марсель Забитцер әлі де жарақаттан айыққан жоқ. Оған қоса, маусым соңында Серу Гирасси де айтарлықтай әлсіреді — қарапайым мүмкіндіктерді голға айналдыра алмай жүр.

Одан бөлек, Чемпиондар лигасының ширек финалының алғашқы матчында «Барселонаға» 0:4 есебімен ойсырай жеңілген дортмундтықтар қарымта кездесуде жеңіске жетеді дегенге сену қиын.

Бундеслигадағы көрсеткішіне қарасақ, «Боруссия» келесі маусымда еурокубок жарыстарынан тыс қалуы мүмкін. Сондықтан кез келген ұпай маңызды.

Тағы бір қызықты жайт: «Боруссияның» бас бапкері Нико Ковач кезінде «Баварияның» тізгінін ұстап, сәтсіздікке ұшыраған. «Бұрынғы» клубынан кек қайтару — жақсы мотивация болмақ.

Бірінші айналымда қос команда тең ойнады, «Бавария» 85-минутта ғана жеңілістен аман қалды. Бірақ сол кезде дортмундтықтардың өнері қазіргіден басқаша еді.

Бүгінгі матчта «Боруссиямен» тең ойын — «Бавария» үшін жеңіліспен бірдей болмақ. Оның үстіне, команда «Интерден» ұтылғаны үшін өз жанкүйерлерінің алдында ақталуы тиіс. Осының барлығын ескерсек, «Баварияның» бұл кездесуде жеңіске жету мүмкіндігі жоғары»

«Бавария» — «Боруссия» матчының тікелей көрсетілімін мына сілтеме арқылы көруге болады.

Басты сурет: https://www.dazn.com/ Авторы белгісіз

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!