13.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Саранда Freedom ALGA! фестивалі өтті, мектеп оқушылары футбол мерекесін тойлады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Саранда Freedom ALGA! фестивалі өтті, мектеп оқушылары футбол мерекесін тойлады

Саран қаласындағы «Сұңқар» стадионы 13 қыркүйек күні ерекше көңіл-күйге бөленді. Мұнда Freedom ALGA! атты кең көлемді фестиваль ұйымдастырылып, Қарағанды облысының 10 мектебінен 400-ге жуық бастауыш сынып оқушылары жиналды. Шараға ұстаздар, облыс басшылығы, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты.

Фестиваль – футболды мектеп бағдарламасына енгізуді көздейтін ALGA! жобасының бір бөлігі. Бұл бастаманы Қарағанды облыстық футбол ассоциациясы қолға алып, облыс әкімдігі мен Freedom Holding Corp. қолдау көрсетіп отыр. Жоба аясында бастауыш сыныптарда арнайы футбол сабағы енгізіліп, жоғары сыныптарға секциялар ашылды. Мектептер жаңа құрал-жабдықтармен қамтылып, мұғалімдер кәсіби дайындықтан өтті.

Оқушылар фестиваль барысында түрлі жаттығулар жасап, командалық ойындарға қатысып, флешмобтар мен жарыстарға белсене араласты. Қатысушылардың қуанышын ата-аналар мен жанкүйерлер трибунадан қолдап отырды. Кеш концерттік бағдарлама және балаларға сыйлықтар табыстаумен аяқталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ALGA! жобасы алдағы жылдары жүзден астам мектепті қамтып, 40 мыңнан астам баланы футболға тартуды жоспарлап отыр. Фестиваль бұл бастаманың жарқын дәлелі болып, жасөспірімдерге спорт арқылы тәртіп, ынтымақ пен көшбасшылықты үйрететін жаңа дәстүрге айналып келеді.