20.08.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Сандар асыра көрсетілген»: КФФ техникалық директоры жалақысы туралы Ермұхамед Мәуленге жауап берді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Сандар асыра көрсетілген»: КФФ техникалық директоры жалақысы туралы Ермұхамед Мәуленге жауап берді

Қазақстан футбол федерациясының техникалық директоры Геннадий Скуртул Sport Pulse подкастына берген эксклюзивті сұхбатында өз жалақысына қатысты пікір білдіріп, атқарып жатқан жұмысының мәнін түсіндірді.

Скуртул бұл лауазымға 2025 жылдың сәуірінде тағайындалған. Өткен аптада белгілі қазақстандық комментатор Ермұхамед Мәулен оның шовинизмге жол бергенін айтып, молдовалық маман ай сайын 10 млн теңге алады деп мәлімдеген еді.

«Мен келісімшарт бойынша жалақымды ашық айта алмаймын, бірақ айтылған сан шындыққа жанаспайды. Көрсетілген сома айтарлықтай асыра көрсетілген. Мен Қазақстанға ақша табу үшін келген жоқпын. Ішкі мақсаттарымды жүзеге асыру үшін келдім. Қазір федерацияда өте амбициялы команда жұмыс істеп жатыр, ал менде де жеке амбициялар болды — бәрі үйлесті. Мұнда адамдардың ішкі түйсікпен түсінетін нәрсесін жүйеге келтіру үшін жүрмін. Реформа болғанда тәжірибелі мамандарды шақыру — қалыпты дүние. Жалақым лайықты, шағымым жоқ. Белгілі нәтижелер үшін қосымша ынталандыру, KPI жүйесі де қарастырылған», — деді Скуртул.

Оның айтуынша, КФФ-тегі техникалық директордың міндеті футболға қатысты барлық бағытты қамтиды: ұлттық құрамалардан бастап бұқаралық футболға дейін. Бұл — академиялар, жаттықтырушыларды оқыту, әйелдер футболы және ойынға қатысты өзге де салалар. «Әрине, нәтижеге жауап беремін, бірақ қысқа мерзімде үлкен жетістікке жету қиын. Мен Қазақстандағы 3–5 жылдық нәтиже үшін жауаптымын. Мен стратегиялық мақсатпен шақырылдым, бүгін кез келген команда үшін лайықты нәтиже беретін негіз қалдыруға тырысып жатырмыз», — деді ол.

Скуртулдың сөзінше, оны Қазақстанға КФФ президенті Марат Омаров шақырған. Бұған дейін ол Қазақстандағы PRO санаты бойынша бапкерлерге бірнеше курс өткізіп, соңғы бес жылда УЕФА мен өзге федерациялар үшін техникалық кеңесші әрі фрилансер ретінде жұмыс істеген. «Маған мәңгілікке қалатын іргелі дүние жасау қызық болды: тек нысандар ғана емес, ел үшін футболшы дайындайтын жүйе қалдыру керек», — деді маман.

Сұхбаттың толық нұсқасын Sport Pulse-тің YouTube-арнасынан көруге болады.