17.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Самородов жаңа бапкер қол астында ойнайды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Самородов жаңа бапкер қол астында ойнайды

Ресейлік маман Александр Сторожук Грозныйдың «Ахмат» клубының бас бапкері болып тағайындалды. 42 жастағы маманмен үш жылдық келісімшарт жасалды.

Сторожук бұған дейін, 2023 жылдың қаңтарынан бастап, тульалық «Арсенал» клубын жаттықтырған. Оған дейін көп жыл бойы «Краснодар» жүйесінде жұмыс істеп, 2022 жылдың шілдесі мен 2023 жылдың қаңтары аралығында негізгі команданы басқарды.

— «Ахмат» футбол клубының бас бапкері болып Александр Сторожук тағайындалды. Маманмен үш жылға келісім жасалды, — делінген клубтың ресми хабарламасында.

Бұрынғы бапкер Сергей Ташуев 28 мамырда орнын босатқан болатын. Тараптар өзара келісіммен қош айтысты.

Қазіргі таңда «Ахмат» сапында Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов өнер көрсетеді. Ол өткен маусымда Ресей Премьер-лигасында 25 матч өткізіп, 6 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Футболшының клубпен келісімшарты 2026 жылдың жазының соңына дейін жарамды.