28.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Сабыр сақтап, эмоциясын дұрыс басқарған команда жеңеді» — комментатор «Палмейрас»-«Ботафого» матчы туралы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Сабыр сақтап, эмоциясын дұрыс басқарған команда жеңеді» — комментатор «Палмейрас»-«Ботафого» матчы туралы

Клубтар арасындағы әлем чемпионатының 1/8 финалында бразилиялық клубтар «Палмейрас» пен «Ботафого» кездеседі.

Осы ойын алдында Sport-pulse порталына комментатор, сарапшы, спорт журналисті Олжас Байбосынов өз пікірін білдірді.

— Биыл бразилиялық клубтар өте сенімді өнер көрсетіп, төртеуі бірдей 1/8 финалға өтті. Бұл – Либертадорес деңгейі Еуропалық командалармен терезесі тең дегенді білдіре ме?

—  Иә, бұл – айтарлықтай көрсеткіш. Бразилиялық командалар Либертадорес турнирінде жан алысып, жан берісіп ойнайды. Бұл ойында да олай, себебі бұл жарыста әрбір жеңіс, әрбір тең ойын үшін нақты қаражат беріледі. Бұл – қаржы тұрғысынан бай емес, бірақ дәстүрі мықты бразилиялық клубтар үшін үлкен мотивация.

Ал еуропалық командаларда бұл турнирге деген қызығушылық аздау болуы мүмкін, өйткені олар үшін басты мақсат – өз чемпионаттарындағы және УЕФА жарыстарындағы табыс. Бірақ плей-офф кезеңінде еуропалық клубтар да барын салады, себебі онда да ақша, бедел маңызды.

Дегенмен, биылғы бразилиялық командалардың сенімді ойыны – олардың деңгейі еуропалық командаларға жақындағынын көрсетеді.

— «Палмейрас» пен «Ботафого» бір-біріне өте таныс қарсыластар. Мұндай ішкі бәсекелестік плей-офф матчтарының деңгейіне қалай әсер етуі мүмкін?

— Бұл қос ұжым бірін-бірі өте жақсы біледі. Мұндай ішкі бәсекелестікте эмоция көп, ойын өте тартысты өтеді. Әдетте екі команда да соңына дейін беріле ойнайды, нәтижесінде сары қағаз көп көрсетіледі, тіпті қызыл қағаз да болуы ықтимал. Бір ғана ескерту, бір ғана ойыннан шығарылу матч тағдырын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан мұндай ойындарда төрешінің рөлі де үлкен. Тактикалық тұрғыдан да, психологиялық тұрғыдан да бұл – плей-оффқа лайық тартыс болмақ.

— Бұл жұптың жеңімпазы 1/4 финалға жолдама алады. Қай командада артықшылық бар деп ойлайсыз және кімдер шешуші рөл атқаруы мүмкін?

— Бұл жұпта кім фаворит деп кесіп айту қиын. «Палмейрас» пен «Ботафого» – екеуі де тәжірибелі, жақсы жинақталған командалар. Жеңіс мүмкіндігі – 50/50. Мұндай матчта шешуші рөлді жекелеген ойыншылардан гөрі – эпизодтар, сәттер, тіпті төрешінің шешімдері де ойнауы мүмкін. Сол себепті қай команда сабырын жоғалтпай, эмоциясын дұрыс басқара алса, сол ұтады.