17.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Рыбакина жеңеді деп сенем, бірақ үш сетте» — сарапшы Берлиндегі матч туралы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Рыбакина источник olympic.kz

17 маусым күні Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Берлинде өтетін WTA 500 санатындағы шөп жабындысындағы турнирді бастайды. Алғашқы айналымда ол Олимпиада чемпионы, қытайлық Чиньвэнь Чжэнмен кортқа шығады. Бұл кездесу жарыстың ашылу күніндегі басты матчтардың бірі болмақ.

Meta-ratings.kz тілшісі спорт журналисі және Қазақстан теннис федерациясының бұрынғы менеджері Евгений Акмановтан алда өтетін матчқа қатысты пікір білдіруді сұрады.

— Рыбакина биыл турнир жеңімпаздарына айналған ойыншылардан бес рет жеңілді. Бұл оның нашар ойнап жүргенін емес, керісінше, мықты қарсыластармен жиі жолығатынын көрсетеді. Сондықтан жеңілістері — сәтсіз формада болғанынан емес, ауыр жеребелердің салдары, — дейді сарапшы.

Айта кетейік, қос теннисші де биыл шөп маусымын бастап үлгерді. Рыбакина өткен аптада Лондонда неміс Татьяна Марияға күтпеген жерден есе жіберсе, Чжэн жартылай финалда америкалық Аманда Анисимовадан ұтылып, финалға бір қадам жетпей тоқтады.

— Елена мен Чжэн бұған дейін үш рет кездескен, есеп — Рыбакинаның пайдасына 2:1. Сол ойындардың бірі 2022 жылғы Уимблдонда өткен. Ол кезде Елена қарсыласын жеңіп, турнирдің бас жүлдесін иеленген еді. Бұл — үлкен психологиялық артықшылық. Биыл алғаш рет жолығып отыр. Жеңіс Еленанікі болады деп ойлаймын, бірақ матч үш сетке созылуы мүмкін — Чжэн жақсы формада, — деді Акманов.

Кездесу Астана уақытымен сағат 20:30-да басталады.

Айта кетейік, дәл бүгін, 17 маусым — Рыбакинаның туған күні. Ол 26 жасқа толып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан ерлер теннисінің көшбасшысы Александр Бублик те осы күні туған — ол 28 жасқа толды. Ертең, 18 маусым күні Бублик Галледегі турнирдің екінші айналымында кортқа шығады. Қарсыласы — Янник Синнер мен Янник Ханфманн арасындағы матчтың жеңімпазы.