08.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Рыбакина WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанды

Рыбакина WTA қорытынды турнирін ұтқан алғашқы азиялық теннисші атанды

Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина бүгін Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) WTA қорытынды турнирінде үздік шықты.

Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 1-ракеткасы, «Үлкен дулыға» турнирінің төрт дүркін жеңімпазы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бірінші партияда есеп 3:2 болған мезетте Рыбакина брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды – 6:3.

Тартысты өрбіген екінші сетте тай-брейкте Рыбакина бет қаратпады – 7:6 (7:0).

Осылайша, Рыбакина аталмыш жарыс 1972 жылы ұйымдастырылғаннан бері чемпион атанған алғашқы азиялық теннисші атанды. Бұған дейін қытайлықтар Ли На (2013 жылы) мен Чжэн Циньвэнь (2024) тек финалға дейін жеткен еді.

Дода барысында барлық кездесуінде жеңіске жеткен Елена 1 500 рейтингілік ұпайға қоса 5,235 млн доллар (2,747 млрд теңге) табыс тапты. Оған қоса дүйсенбіде жаңартылатын WTA рейтингісінде 5-орынға көтеріледі.

Сонымен қатар Рыбакина 2016 жылдан бері эйс санын 500-ден асырған бірінші теннисші болды. 2016 жылы мұндай нәтижеге чехиялық Каролина Плишкова қол жеткізген еді.

Бұдан бөлек, Елена биылғы маусымда ТОП-10-ға кіретін 7 теннисшіні қапы қалдырып, бұл жөнінен үздік шықты. Рыбакина спорттық жолында Уимблдондағы жеңісін қосқанда, WTA додаларында 11 титул жеңіп алды. Мұндай межеге Қазақстаннан ешкім жеткен емес.

Дереккөз: Қазақстан теннис федерациясы