19.02.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Рыбакина Дубайдағы турнирде Бадосаны жеңе ала ма? Сарапшы пікірі

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

19 ақпанда әлемнің жетінші ракеткасы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Дубайдағы WTA 1000 турнирінің үшінші айналымында өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – әлемдік рейтингте 10-орында тұрған испандық Паула Бадоса.

Спорт комментаторы, теннис шолушысы Пахита Амири Sport Pulse тілшісіне алдағы матчқа және Рыбакинаның турнирдегі жеңіске жету мүмкіндіктеріне қатысты пікір білдірді.

Бадоса – Рыбакина үшін қолайсыз қарсылас

Бұл қазақстандық теннисші үшін оңай матч болмайтыны анық. Жеке кездесулер бойынша есеп 4:3, Бадосаның пайдасына. Тіпті хардта да 3:2 есебімен испандық спортшы қазақстандықтан алда келеді. Алайда 2023-ші жылдың көктемінде өткен соңғы екі кездесуде Рыбакина жеңіске жеткенін ескеру қажет. Дегенмен сол кезде Бадоса жарақатына байланысты қиындықтар көрген еді. Қазір ол керемет формада: мансабында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің (Australian Open 2025) жартылай финалына шықты. Сондай-ақ, Дубайда Лулу Сун мен Элисе Мертенсті ойсырата жеңді.

Рыбакина турнирді екінші айналымнан бастады және алғашқы матчында жапондық Моюка Учижимаға қарсы сенімді жеңіске жетті – 6:3, 6:2. Алайда қазіргі эмоционалдық жағдайы белгісіз. Себебі оның және бапкері Стефано Вуковтың төңірегінде дау туындап, бұл теннисшінің көңіл-күйіне әсер етті. Елена өзі де баспасөз маслихатында бұл жағдайдың жағымсыз екенін мойындады, бірақ ойынға толық көңіл бөлуге тырысатынын мәлімдеді.

Финалға апарар жол: әр кезеңде мықты қарсыластар

Турнирлік кесте өте күрделі. Егер Рыбакина Бадосаны жеңсе, ширек финалда өткен жылғы Дубай бәсекесінің жеңімпазы Жасмин Паолинимен кездесуі мүмкін. Ал жартылай сында оны әлемнің екінші ракеткасы Ига Швентек, ақтық сында Арина Соболенко күтуі мүмкін. Бұл екі қарсылас та қауіпті, себебі Швентек пен Соболенко WTA 1000 санатындағы алдыңғы турнирлерде сәтсіз ойнап, бұл жолы есе қайтаруға тырысатыны анық.

Дегенмен Рыбакина – мұндай деңгейдегі турнирлерді, соның ішінде «Үлкен дулыға» жарыстарын жеңіп алған теннисші. Егер ол психологиялық қысымға төтеп берсе, биылғы маусымдағы алғашқы титулын иеленуге толық мүмкіндігі бар.

Сурет: Jimmie48 Photography,WTA