29.03.2025
Оқу уақыты: 2 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Ризабек Айтмұханға үміт артамыз – комментатор Азия чемпионатының ақтық белдесуі туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Қазақстандық еркін күрес шебері Ризабек Айтмұхан (97 кг) Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан 2025 жылғы Азия чемпионатының финалына шықты. Ол жартылай финалда ирандық Мұхаммадмобин Голамали Азимиді 2:0 есебімен жеңді. Енді алтын үшін шешуші белдесуде жапондық Араш Есидамен күреседі.

Sport Pulse порталына комментатор Ғалым Сүлейменов қазақстандық балуанның мүмкіндіктері туралы пікір айтты:

«Йорданияның бас шаһары Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатының соңғы екі жарыс күні өтуде. Бүгін еркін күрес шеберлері өз бәсекелерін бастады. Бес балуынымыз боз кілемге шыққан. Өкінішке орай, соның біреуі бас жүлдесіз қалды. Нұрсұлтан Садық жұбаныш белдесуінде жеңілді. Ал Рахат Қалжан қола медальге қол жеткізді, енді Начын Куулар және Дәулет Ергеш бүгін үшінші орын үшін күреседі.

Ал біздің басты үмтіміз Ризабек Айтмұхан 97 келі салмақта өнер көрсетуде. Қадамы өте жақсы. Алғашқы екі бәсекеде Индонезия және Түркіменстан спортшыларын сенімді жеңуі соның дәлелі. Содан кейін жартылай финалда өте мықты қарсыласқа тап болды. Атап айтқанда, ол ирандық Азими. Олар осыдан үш жыл бұрын 20 жасқа дейінгі балуандардың әлем чемпионатында күрескен болатын. Сол кезде Ризабек Айтмұхан 4:5 есебімен есе жіберді. Бірақ енді арада бірнеше ай өткеннен кейін ол 23 жасқа дейінгі балуандардың арасынан әлем чемпионы атанып, өз есімін осы белесті бағындырған тұңғыш қазақ балуаны ретінде тарихқа жазды.

Енді осы жарыста Ризабек жапондық балуан Есиданы ұтып, қазақ еліне алтын сыйлайды деп үміттенеміз».

Басты сурет: uww.org