28.12.2024
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Рингті жаулаған блогерлермен үнді актерлері. AllStars 2 бокс кеші қалай өтті?

photo 5440398494062995030 y

2024 жылдың 27 желтоқсанында Алматыда кәсіпқой бокс кеші өтті. Allstars лигасының ұйымдастыруымен өткен бұл бокс кешінде бірқатар қазақстандық жас талантты боксшылармен ММА жұлдыздары, тіпті блогерлерде де өнер көрсетті.

Алғашында басты кардта өтуі тиіс Иван Дычкомен Виталий Кудухов арасындағы жекпе-жек Дычконың спарринг барысында алған жарақатына байланысты басқа күнге ауыстырылды.

Ал бокс кешінің шымылдығын Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы боксшысы Саматәлі Төлтаев (3-0, 1 КО) ашты. Саматәлі әуесқой бокстағы допинг  мәселесінен кейін, кәсіпқой боксқа ауысып, нәтижелі өнер көрсетуде. Бұл кеште ол қарсыласы өзбекстандық Рахматилложон Шарифовты (0-2) төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіп кетті. Төлтаев қарсыласына біршама ауыр соққылар сериясын жасаса да, Рахматилложон аяқтан тапжылмай, жекпе-жекті соңына дейін өткізді. Осылайша Саматәлі кәсіби бокстағы төртінші жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Бауыржан Бекмурзаев (3-0, 3 КО) өзінің төртінші жекпе-жегін үнді боксшысы Банти Сингхке (11-6, 10 КО) қарсы өткізді. Банти қазақ боксының жанкүйерлеріне таңсық емес. Ол осы маусымда Алматы да өткен бокс кешінде Ертуған Зейнуллиновке жол берген болатын. Бұл бокс кешінде де төрешілер жеңісті бірауыздан Бауыржан Бекмурзаевқа берді. Жекпе-жектен кейін қазақстандық боксшы 38 градус қызумен шығып, ойдағыдай өнер көрсете алмағанын жеткізді.

photo 5440398494062995031 y
Фото: Арайлым Самархан

Бекман Сойлыбаев (18-1, 10КО) кәсіби рингтегі жиырмасыншы жекпе-жегін өзбекстандық Абдулазизбек Нажимиддиновке (10-0, 8 ҚО) қарсы өткізді. Өзбекстандық боксшының бірінші раундтан кейін жекпе-жектен бас тартуына байланысты, жеңіс автоматты түрде Бекман Сойлыбаевқа берілді.

Сонымен қатар муай тай спортының өкілі Қайрат Жарекеев Мохамед Хейбатидің бауыры Хамед Хейбатиді бірінші раундта нокаутқа жіберді. Ал қазақстандық Акбар Жаксакулов (0-1) поп-ММА жұлдызы Тимур Никулинге (8-0-2) есе жіберді.

Кәсіпкер Дамир Аманжолов кәсіби бокстағы дебютін Ронит Соланкиге (10-5, 9 КО) қарсы өткізді. Жекпе-жекті Дамир сүреңсіз өткізсе де, үнділік қарсыласының жекпе-жекті жалғастыра алмауына байланысты жеңіске жетті.

photo 5440398494062995033 y
Фото: Арайлым Самархан

Кештің басты кардында өнер көрсеткен аралас жекпе-жек ардагері Жұман Жұмабеков (1-1, 1 КО) ресейлік Искандер Зияевке (1-0) қарсы бокс ережесімен айқасты. Қызыққа толы бұл жекпе-жекте әубастан басымдыққа ие болған Зияев төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті. Лига басшысы Зия Алиев Искандердің келесі жекпе-жегі қазақстандық Айдос Жаппарбергеновке қарсы титулды айқас болатынын айтты.

Кәсіби бокс майталманы, бес түрлі титулдың иегері Еділ Қожамбердиев (15-2, 15 КО) Ганалық Джон Напаримен жұдырықтасты. Алғашқы раундта қарсыластар бір-бірін зерттеп жүргені сол еді, Еділдің өткен бір соққысынан кейін Напари дәрігерлердің шешімімен жекпе-жектен бас тартты. Промоушн ганалық спортшының нақты қандай себеппен бастартқаны туралы ресми мәлімдеме жасамады.

Мұратбек Қасымбай ирандық Мохаммед Хейбатиге қарсы бокс ережесі бойынша реванш өткізді. Қос спортшы бұған дейін ММА-да кездесіп, Хейбати жеңген болатын. Көпшілік тағатсыздана күткен бұл жекпе-жек тең аяқталды. Жекпе-жектен кейін Қасымбай Хейбатиге ММА ережесі бойынша реванш жасау керектігін сөз етті. Ирандық спортшы да қарсы еместігін жеткізді.

photo 5440398494062995032 y
Фото: Арайлым Самархан

Алайда бокс кеші аяқтала саласымен көпшілік ұйымдастыру деңгейіне көңілдері толмағанын жеткізді. Бұл туралы Спорт Пульс тілшісі спорт сарапшысы Ерасыл Қайырдың пікірін білді.

«Блогер Дамир Аманжоловтың жекпе-жегі үшін кешегі бокс кешін көпшілік сынға алып жатыр. Ол да дұрыс. Әркім өз ісімен айналысқаны жөн. Өз ойым, бокс өзінің медиа-дамуы үшін блогерлер мен ММА жауынгерлеріне мұқтаж емес. Зия Алиевтің таңдаған жолы – ММА арқылы бокс кештеріне халықты қызықтыру. Оны бір сұхбаттарынан өз ауызынан естідім. Олай болса, Nomad Fighting сияқты форматта айқастар өткізіп көрсе, жемісі көбірек болар. Бокстың сәнін құртып қажет емес. Осы жолы қос ММА жауынгері басты кардта болды. Келесі бокс кешінде Мариф пен Қуатты басты жекпе-жекке қоймақшы. Олар қандай бокс көрсетеді? Одан да ММА бойынша жекпе-жек өткізбей ме? Бұған қоса базалары – күрес. Әрине, Қуат үшін де, Мариф үшін де ММА-ден шығудың қаупі де, жауапкершілігі де көбірек. Бокстан шықса ештеңеден ұтылмайды. Мен үшін ММА жауынгерлерінің кәсіпқой бокстан жекпе-жек өткізгендері ешқашан қызық болмаған. Тек Жұман Жұмабековті қоспағанда.»

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевте бұл бокс кеші туралы үнсіз қалмады.

«Кәсіпқой бокста бұрын таксисттерді, қапшықтарды алып келеді деп айтушы еді. Ал қазір үндістің актерларын алып келетін болыпты. Бұған жауапты біреу бар ма? Негізі бұны қадағалайтын менеджермен матчмейкер ғой. Матчмейкерлер қарсыластарды рингтің деңгейіне сай жасау қажет. Билет алып келген жанкүйерлерге обал. Ақылы транслация мен ақылы жазылым жасаймыз дейміз. Бірақ мынадай бокс кешімен ондай дүниелерді жасай алмайсыздар», — деді ол өзінің инстаграм әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, Allstars промоушны келесі бокс кешін 28 ақпанда Астана қаласында Данияр Елеусіновтың қатысуымен өткізуді жоспарлап отыр.