04.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Рингтегі «эль-классико»: Қазақстан Өзбекстанға жол берді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Рингтегі «эль-классико»: Қазақстан Өзбекстанға жол берді

Бангкокте (Таиланд) өтіп жатқан 2025 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында бокстан кезекті қазақ-өзбек текетіресі өтті. World Boxing ұйымының аясында өткен 75 келі салмақтағы ширек финал біріншіліктің ең шиеленісті айқастарының біріне айналды.

Рингке қазақстандық Аман Қонысбеков пен өзбекстандық Шавкатжон Болтаев шықты. Қарсыластар бір-біріне толассыз соққылармен жауап қайтарып, тартысты жекпе-жек өткізді. Кездесу соңында төрешілер жеңісті Болтаевқа бөліп беріп, ол жарыстың жартылай финалына жолдама алды және кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.

Айта кетерлігі, Аман Қонысбеков — Өзбекстанда туған боксшы. Ол 2024 жылы Қазақстан азаматтығын алып, сол жылдың мамырында Шри-Ланкада өткен IBA турнирінде 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанған еді.