Оқу уақыты: 2 мин

Рекордтық жүлде қоры, Алматының жұлдызы және көкпардың жаңа дәуірі: жастар арасындағы чемпионат қалай өтті

Рекордтық жүлде қоры, Алматының жұлдызы және көкпардың жаңа дәуірі: жастар арасындағы чемпионат қалай өтті

Алматы облысында өткен жастар арасындағы XIX Қазақстан чемпионаты көкпар тарихындағы ең ауқымды және қаржылай ең ірі турнирлердің біріне айналды. Жарыстың жалпы жүлде қоры 12,35 миллион теңгені құрап, жастар арасындағы сайыстар үшін бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 13 команда, құрамында 156 спортшы, додада бақ сынады. Чемпион атанған Жамбыл облысының командасы 2,1 миллион теңге иеленсе, Шымкент командасы екінші орынға лайық деп танылып, 1,1 миллион теңге алды. Ал Алматы шабандоздары қола жүлдеге қол жеткізіп, 1,35 миллион теңгеге ие болды. Қалған орындар бойынша да қаржылай сыйақылар берілді.

Шымкент құрамасының спортшыларына қосымша 1,3 миллион теңгені жергілікті көкпар федерациясының басшысы табыстады. Бұл – жарысқа қолдау көрсеткен меценаттардың бастамасы.

Турнирдің ең жарқын жұлдызы — Алматы қомандасының шабандозы Нұржігіт Пермебай. Ол 15 салым салып, «Турнирдің үздік ойыншысы» атанды және 300 мың теңгеге ие болды. Оның тұлпары – Хадия — «Үздік қорғаушы» номинациясын жеңіп алды.

Нұржігіт Пермебай Алматы қомандасының шабандозы

Биыл алғаш рет чемпионат аясында жылқыларға арналған арнайы номинациялар мен қаржылай марапаттар енгізілді. Бұл — демеушілер мен ұйымдастырушылардың қолдауымен жүзеге асқан жаңашылдық.

Республикалық көкпар федерациясының президенті, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров былай деді:

«Бүгінгі жеңімпаздар — болашақ ұлттық құрама ойыншылары. Біз алғаш рет барлық қатысушыларды қаржылай ынталандырып, үздік аттарды да марапаттадық. Бұл — көкпарды дамыту мен кеңінен танытуға жасалған маңызды қадам».

Жарыстың әділ әрі кәсіби өтуі үшін сандық таблолар, бейнеқайталау жүйесі енгізіліп, төрешілердің жұмысы ерекше бақылауға алынды. Федерацияның атқарушы директоры Ғани Дүйсенов мұның бәрі — көкпарды жаңа деңгейге көтерудің нақты көрінісі екенін атап өтті.

Осылайша, биылғы чемпионат жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, ұлттық мұраны жаңаша деңгейде таныту мен дамытуға жол ашқан тарихи додаға айналды.