26.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Red Bull Four 2 Score турнирі биыл да Қазақстанда өтеді — бес қала, бір финал, екі есе ұпай!

Red Bull Four 2 Score турнирі биыл да Қазақстанда өтеді — бес қала, бір финал, екі есе ұпай!

Қазақстан биыл үшінші рет жаһандық Red Bull Four 2 Score футбол турниріне қатысатын елдердің қатарына қосылады. Маусым мен тамыз айлары аралығында еліміздің бес қаласында — Алматы, Шымкент, Семей, Ақтөбе және Астанада — іріктеу кезеңдері өтеді. Жергілікті кезең жеңімпаздары 3 тамыз күні Алматыда кездесіп, Австрияның Зальцбург қаласындағы әйгілі Red Bull аренасында өтетін әлемдік финалға жолдама үшін бақ сынайды.

Бұл форматта Қазақстан бұған дейін де жақсы нәтижелер көрсеткен. 2024 жылғы турнирдің жеңімпазы атанған Шымкенттік «Don’s» командасы қыркүйек айында Германияның Лейпциг қаласындағы RB Leipzig стадионында өткен Red Bull Four 2 Score әлемдік финалында ел намысын абыроймен қорғады.

Red Bull Four 2 Score — бұл жай ғана футбол емес. Бұл — қақпашысыз, төртке төртеуден құралған, ойын тек 10 минутқа ғана созылатын жылдам, принципке берік әрі қарқынды формат. Ең маңызды сәттер — алғашқы және соңғы 60 секунд: дәл осы уақытта соғылған голдар екі есе ұпаймен есептеледі. Бұл әр секундтың маңызын арттырып, ойынды барынша шиеленісті етеді. Егер негізгі уақытта есеп тең болса, «алтын гол» ережесі қолданылады — екі командадан бір-бір ойыншы шығып, бірінші гол соққан команда жеңіске жетеді. Матчтар кез келген алаңда — шөпте, бетонда немесе қатты кортта өтуі мүмкін.

Red Bull Four 2 Score турниріне еліміздегі жетекші футбол клубтары — FC Semey, Ордабасы, FC Aktobe және FC Jenis қолдау білдіруде. Олардың атсалысуы бұл жобаның жаппай футболды дамытуға серпін береді және жастар спортын дамытудағы маңызын айқын көрсетеді.

Ұлттық финал 3 тамыз күні Алматы қаласындағы Footlab алаңында өтеді. Финалда елдің әр өңірінен келген бес үздік командамен қатар, танымал медиялық командалар да бақ сынайды. Бұл формат жарыстың тартысты өтуіне ықпал етіп, көрермендердің де қызығушылығын арттырады — әрі алаңда, әрі онлайн кеңістікте.

Әлемдік финал өтетін Red Bull Arena — тек Red Bull Salzburg клубының үй аренасы ғана емес, әлемге әйгілі көптеген футбол жұлдыздары шыққан стадион.

Турнирге қатысу үшін бірнеше қарапайым талап бар: қатысушылардың жасы — 18 бен 35 аралығында болуы керек, ал команда құрамында төрт негізгі және қажет болса, бір қосалқы ойыншы болуы мүмкін. Қаладағы іріктеу кезеңіне қатысу үшін тіркеу мына сілтеме арқылы жүргізіледі.

Іріктеу кезеңінде жеңіске жеткен командалар Алматыдағы ұлттық финалға жолдама алып, онда Қазақстан атынан әлемдік аренада өнер көрсету мүмкіндігі үшін жарысады.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!