17.02.2025
Оқу уақыты: 5 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

«Реал» vs. «Сити», «Милан» vs. «Фейеноорд»: 1/8 финалға кім шығады? ЧЛ жауапты матчтары туралы сарапшы пікірі

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

18 ақпанда кәрі құрлықтың басты доп додасы – Чемпиондар лигасының плей-оф кезеңінің жауапты ойындары басталады. 16 команда 1/8 финалға шығу үшін сегіз жолдамаға таласады.

Sport Pulse порталына берген сұхбатында футбол комментаторы Дидар Қадыров  алдағы кездесулерде ерекше өнерімен көзге түсуі мүмкін аяқдопшыларды атап, бәсекенің фавториттері туралы пікір білдірді.

– Алғашқы матчтардан кейін қай командалардың 1/8 финалға шығу мүмкіндігі жоғары?

– «Боруссия» сырт алаңда «Спортингті» 3:0 есебімен ойсырата жеңді – бұл үлкен артықшылық. «ПСЖ» клубы да «Брест» қақпасына жауапсыз үш доп тоғытты. Мадридтік «Реал» сырт алаңда 3:2 есебімен Гвардиоланың қазіргі командасынан басым түсті. Осылайша, келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғары командалар – «Боруссия», «ПСЖ» және «Реал».

– Алғашқы ойында жеңілген қай командалардың камбэк жасау мүмкіндігі жоғары?

– Маған Нидерланд командаларының ойын өрнегі ұнайды, сондықтан ПСВ футболшыларына да белгілі бір мүмкіндіктер берер едім. «Ювеге» қарсы өткен кездесуде 1:2 есебімен жеңілген Петер Боштың ұжымы, енді өз алаңында басымдық таныта алады. «Фейеноордтың» да қарқыны жаман емес, бірақ Консейсаудың «Миланы» ойын тізгінін қолға алуға тырысады – мұнда мүмкіндіктер 50 де 50, дегенмен минималды жеңіс – Роттердам командасы үшін жеткіліксіз. «Аталанта» бірінші ойындағы жеңіліске қарамастан, «Брюгге» клубына үш және одан да көп гол соғуға қабілетті.

– Жауапты кездесулердің қайсылары ең қызықты болмақ?

– Маған «Баварияның» ойынын көру қызық. Әрине «Селтикті» немістерге қарсы матчтың фавориті деп ешкім айтпас. Ал өз алаңында «Бенфикадан» жеңілген «Монаконың» сырт алаңда қарсыластарынан басым түсу мүмкіндігі тым аз. Барлығы «Реал» мен «Ситидің» шайқасын күтуде. Гвардиолаға «Бернабеу» стадионында қалай болса да жеңіске жету керек, оның командасы бірінші ойында бытыраңқы көрінді.

– Өз алаңында өнер көрсету шешуші рөл атқара ала ма?

– Мүмкін. «Сантьяго Бернабеу» – ерекше стадион. Сондай-ақ, «Милан» үйде үздік ойын көрсетуі керек, ПСВ аяқдопшылары да өз алаңында қауіпті.

«Сантьяго Бернабеу» стадионы. Сурет flickr.com сайтынан алынды, авторы: Ungry Young Man

– Алдағы жауапты матчтарда қандай ойыншылар ерекше өнерімен көзге түсуі мүмкін?

Винисиус пен Мбаппе – «Реалдың» шабуыл қозғалтқышы. ПСВ-да Бакайоко мен Де Йонгқа назар аудару керек – олар «Ювенің» қорғанысына қиындық тудыруы мүмкін.

– Плей-оф кезеңінің басты тосын сыйы ретінде қай командаларды атауға болады?

– «Фейеноорд» өз алаңында «Миланды» жеңіп таң қалдырды, ал «Селтик» «Баварияға» лайықты қарсылық көрсете білді – көбісі немістердің оңай жеңіске жететінін күткен еді.

– Алғашқы матчтарда қай бапкердің тактикалық шешімдері көңіліңізден шықты?

– Әрине, Анчелотти. Оған тағы да бас иеміз, бәрін өте керемет жасады, оның командасы әрдайым өз дегеніне жетеді.

– «Реал Мадрид» – «Манчестер Сити»: «Реал» сырт алаңда 3:2 есебімен жеңіске жетті. «Ситиге» «Бернабеу» стадионында есепті теңестіру үшін не істеу керек?

– «Сити» «Реалға» қарсы ойында 90 минут бойы жинақы болу керек. Бұл матчта, әрине, қалалықтардың жеңіске жету мүмкіндіктері өте бұлыңғыр.

– Анчелотти мен Гвардиоланың бір-бірінен артықшылығы қандай?

Гвардиола ойынды бақылауда ұстайды, ал Анчелотти қорғаныстағы олқылықтарды таба біледі. Матч тең дәрежеде өтетін сияқты, ал қортынды нәтижені ойындағы шешуші сәттер анықтайды. Екі бапкер де әртүрлі, бір-біріне мүлдем ұқсамайды, және, бәлкім, соңғы уақытта бұл екі қарсылас команда арасындағы бәсекені қызықты ететін де осы.

– Бұл матчтың қалай өрбитініне болжам жасай аласыз ба?

– «Сити» допты бақылауға алуға тырысады. Жалпы ойын тең дәрежеде өтеді. Меніңше, бірнеше шешуші сәттер болады және оларды пайдалана білген команда жеңіске жетеді. Испандықтарға «Сити» азулы қарсылас екенін естен шығармау керек.

Джуд Беллингем / Сурет: © Robbie Jay Barratt – AMA / Contributor / Getty Images Sport / Gettyimages.ru

– «Милан» – «Фейеноорд»: Француз қақпашының өрескел қателігі «Фейеноордқа» қарсы алғашқы матчта «Миланға» жеңіліс әкелді. Есеп – 0:1. Италиялықтардың 1/8 финалға шығу мүмкіндігі қандай?

Меньянның қателігі «Миланға» қымбатқа түсті, бірақ 0:1 – аса қауіпті емес. Мүмкіндіктер 50 де 50, алайда «Сан-Сирода» басымдықты сақтап қалу нидерландтықтар үшін қиынға соғады.

Сурет: ФК «Милан»

– «Аталанта» – «Брюгге»: «Брюгге» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. «Аталанта» Бергамода ойынды өз қолына ала ала ма?

– «Аталанта» өз алаңында үш немесе одан да көп гол соғуға қабілетті, сондықтан «Брюггені» қиын матч күтіп тұр. «Брюгге» – бейімделгіш команда, олар Еурокубок ойындарына ерекше назар аударады, және бұл, әрине, олардың мықты жағы.

Сурет: Getty Images

– «Бавария» – «Селтик»: «Бавария» сырт алаңда 2:1 есебімен жеңді. «Селтиктің» Мюнхенде сенсация жасауға мүмкіндігі бар ма?

– «Селтиктің» «Баварияға» қарсы жауапты ойында сенсация жасау мүмкіндігі мүлде жоқ.

Сурет: Getty Images / Ian MacNicol

– «Бенфика» – «Монако»: «Бенфика» сырт алаңда 1:0 есебімен жеңіске жетті. Қарсыласты тізе бүктіру үшін «Монако» тактикасына қандай өзгерістер енгізу қажет?

– Шынымды айтсам, португалдықтардың 2-3 қана матчын көрдім, ал «Монаконың» ойындарын одан да аз. Сондықтан бұл жерде бәрі тек тактика мен құрамға байланысты деп айта алмаймын. Физикалық дайындық та шешуші рөл атқарады. «Монакоға» ойынды физикалық тұрғыда өзгерту қиын болады, бірақ бұл олардың жалғыз мүмкіндігі.

– «Боруссия» – «Спортинг»: «Боруссия» сырт алаңда 3:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл текетірестің тағдыры шешілді деп санауға бола ма? «Спортингтің» Дортмундта керемет камбэк жасауға мүмкіндігі бар ма?

– «Спортингтің» ешқандай мүмкіндігі жоқ, бұл текетірестің тақырыбы осымен жабылды деп ойлаймын. Тіпті Дьёкереш оралса да, ғажайып камбэк мүмкін емес.

Сурет: Carlos Rodrigues/Getty Images Дерекөз: «Чемпионат»

– «ПСЖ» – «Брест»: «ПСЖ» сырт алаңда 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті. Бұл жұптың да келесі кезеңге шығатын клубы анықталды деп мерзімінен бұрын айтуға бола ма?

– Иә, өз алаңдағы 3:0 есебінен кейін «Бресттің» келесі кезеңге өтуі екіталай.

– ПСВ – «Ювентус»: «Ювентус» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. ПСВ-ның бұл шайқаста жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар ма?

– Бұл матчта күтпеген нәтиже болуы мүмкін. ПСВ-ның шабуылдаушы әлеуеті жоғары, ал «Ювеге» оңай болмайды. Мен ерекше өнерімен көзге түсуі мүмкін негізгі ойыншылар туралы айтқан едім, ең бастысы – оларда шабуыл мен қорғанысқа арналған түрлі тактикалық шешімдер бар. Сондықтан ПСВ бүкіл Еуропаны таңғалдыруы мүмкін.

Сурет: x.com/juventusfc.

Футбол комментаторы Дидар Қадыров 

Басты сурет: Carl Recine/Getty Images Дереккөз: «Чемпионат»