05.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Реал Мадрид» 45 миллион еуроға футболшы сатып алды

«Реал Мадрид» 45 миллион еуроға футболшы сатып алды

Мадридтің «Реал» клубы Аргентинаның «Ривер Плейт» командасында өнер көрсететін 17 жастағы шабуылшы жартылай қорғаушы Франко Мастантуононы сатып алды, деп хабарлайды Sport12.kz

Бұл туралы спорт журналисі әрі инсайдер Николо Скира өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында жазды.

Дереккөздің мәліметінше, трансфер құны 45 миллион еуроны құрайды. Футболшы мен мадридтік клуб арасындағы келісімшарт толық келісілген және 2031 жылға дейін күшінде болады.

Франко Мастантуоно «Ривер Плейт» жүйесіне 2019 жылы қосылған. Ал 2024 жылдың басынан бастап негізгі команда сапында ойнап келеді. Осы уақыт ішінде ол 61 матчқа қатысып, 10 гол соғып, 7 нәтижелі пас берген. Оның қазіргі келісімшарты 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін жарамды. Transfermarkt порталы футболшының нарықтық құнын 30 миллион еуро деп бағалауда.