Оқу уақыты: 3 мин
5.0 Рейтинг
0 Комментарии

«Реал», «Астон Вилла», «Боруссия» және «Баварияның» қателесуге құқы жоқ» — сарапшы ЧЛ 1/4 финалының қарымта ойындары туралы

Досымжан Науханов
Досымжан Науханов
5.0 Рейтинг
21 Комментарии
«Реал», «Астон Вилла», «Боруссия» және «Баварияның» қателесуге құқы жоқ» — сарапшы ЧЛ 1/4 финалының қарымта ойындары туралы

Сәуірдің 15-нен 16-на қараған түні Чемпиондар лигасының ширек финалының қарымта матчтары басталады. «Астон Вилла» «ПСЖ»-ны қабылдайды, ал «Барселона» сырт алаңда дортмундтық «Боруссиямен» кездеседі. Бұл екі ойын Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.

Ал сәуірдің 16-нан 17-не қараған түні «Интер» — «Бавария» және «Реал» — «Арсенал» матчтары өтеді.

Ширек финалдың алғашқы ойындарында қарсыластарынан есе жіберген «Астон Вилла», «Бавария», дортмундтық «Боруссия» және «Реал» қайтсе де жеңіске жетуге тырысады. Ал олардың жартылай сынға жолдама алу мүмкіндігі қандай?

Sport Pulse порталының сауалына спорт журналисі және «Астана» футбол клубының медиа-офицері Ерден Жалғасов жауап берді:

Астон Вилла — ПСЖ (бірінші матч — 1:3)

— «Астон Вилла» есе қайтару үшін не істеу керек?

— Ағылшындар бірінші матчта жеңілсе де, жалпы есептегі жағдайын түзей алады. Ол үшін шабуылда белсенді болып, қорғанысты әлсіретіп алмауы қажет. «Астон Вилла» өз алаңында сенімді ойнайтын клуб. Оның үстіне «Вилла Парк» стадионы командаға қосымша күш береді. Унаи Эмеридің шәкірттері маусымның шешуші кезеңдерінде жинақтала білетінін бірнеше рет дәлелдеп үлгерген.

Дегенмен, «ПСЖ» басымдықты оңайшылықпен бере қоятын команда емес. Құрамында мықты ойыншылары бар және олар үлкен тәжірибеге ие. Алғашқы кездесуде француздар өз мүмкіндіктерін ұтымды пайдалана білді. Меніңше, жауапты ойында олар қорғаныс шебіне мән беріп, жылдам қарымта шабуылдар жасауға тырысады. Егер «Астон Вилла» осы кездесуде қақпасына бір доп жіберіп алса, алға қойған мақсаттарына жету қиынға соғады.

«Астон Вилла» ФК Сурет: uefa.com

Боруссия Дортмунд — Барселона (бірінші матч — 0:4)

— Бірінші ойында ірі есеппен жеңілген дортмундтықтардан өз алаңында не күтуге болады?

— Ірі есеппен жеңілгеннен кейін, есе қайтару оңай емес. «Боруссия» қателіктерге бой алдырмай, бар күшін салып ойнауы қажет. Неміс аяқдопшыларына жылдам голдар ғана көмектеседі.

Ал «Барселона» алғашқы кездесуде ойын тізгінін қолдарына ұстап, мүмкіндіктерді тиімді пайдаланды. Енді жауапты кездесуде басымдықты сақтауға тырысады. «Барса» бір аяғымен жартылай финалда тұр десек қателеспейміз.

«Барселона» шабуылшысы Рафинья Сурет: uefa.com

Реал — Арсенал (алғашқы матч — 0:3)

— Лондондағы жеңілістен кейін «Реалдың» камбек жасау мүмкіндігі бар ма?

Микель Артета жаттықтыратын «Арсенал» өз мүмкіндіктерін жақсы пайдаланды. 0:3 есебі — чемпион атағын қорғап жүрген клуб үшін ауыр соққы. Бірақ Чемпиондар лигасының тарихында «Реалдың» мұндай қиын сәттерден шығу жолын тапқан кездері аз емес. «Сантьяго Бернабеу» стадионында мадридтіктер ойын тізгінін қолдарына алып, мүмкіндігінше ертерек допты қарсылас қақпаға тоғытуға тырысады. Алайда «Арсенал» бабында, қорғанысы сенімді, әрі қарсы шабуылда тиімді ойнай алады. Алғашқы матчтағы есеп пен екі команданың жағдайын ескерсек, «Реалдың» тапсырмасы өте күрделі, бірақ мүмкіндік әлі де бар.

Килиан Мбаппе. Сурет: Justin Setterfield/Getty Images

Интер — Бавария (алғашқы матч — 2:1)

— «Интер» аяқдопшылары Миланда қорғанысқа жатып алып ойнай ма, әлде «Баварияны» шабуылдап, басымдығын арттыруға тырыса ма?

— Бұл ширек финалдағы тартысқа толы кездесулердің бірі болмақ. «Интер» сырт алаңда 2:1 есебімен жеңіске жетіп, маңызды артықшылыққа ие болды. Симоне Индзагидің шәкірттері бірінші кездесуде сапалы қорғанып, жылдам шабуылдарды сәтті жасай білді. Енді «Сан-Сиро» стадионында ойынның қарқынын бақылауда ұстауға тырысады.

«Бавария» алғашқы матчтағы сәтсіздікке қарамастан, келесі кезеңге өтуге әлеуеті жеткілікті команда. Венсан Компани жаттықтыратын ұжымда шебер ойыншылар көп. Неміс клубы қысым жасап, жылдам гол соғуы қажет. Миландағы ойын жоғары қарқында өтіп, барлығы қос команда аяқдопшыларының мүмкіндіктерді сәтті пайдалануына байлайнысты болады. Жеңістің кілті — қорғаныстың беріктігі мен көшбасшылардың жеке шеберлігінде.

«Бавария» шабуылшысы Лерой Сане Сурет: uefa.com

Чемпиондар лигасының ақтық ойыны 31-ші мамырда өтеді. Қазіргі жеңімпазы— мадридтік «Реал».

Басты сурет: Reuters

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!