20.11.2024
Оқу уақыты: 4 мин
5.0 Рейтинг
21 Комментарии

Рауан Дулат: аренада үстел тасып жүргенімде, ринг анонсер болып кетемін деп ойламадым

Ринг анонсері — бұл спорттық шараларда, әсіресе бокс, ММА (аралас жекпе-жектер) және басқа да күрес спорт түрлерінде, жауынгерлерді таныстырып, жарыс туралы ақпарат беретін тұлға. Аталған спорт түрлерін ринг анонсерсіз елестету мүмкін емес. Ол рингтің ортасына шығып, әрбір спортшының аты-жөнін, салмағын, ұлтын және кейде жекпе-жектің маңызды мәліметтерін жариялайды. Sport Pulse редакциясы соңғы уақыттары көрерменнің көзайымына айналған қазақстандық жас ринг анонсері Рауан Дулатпен сұхбаттасты.

Ринг анонсер болуға үсыныс қалай түсті? Бұл салаға қалай келдің?

Шынымды айтсам, ринг анонсер болу үш ұйықтасам түсіме кірмеген. Алғашында «Naiza” лигасында көмекші болып жұмыс істеп жүретінмін. Осы лигада спортшыларға су тасып, орындықтарды жинап, октагон құрастырып дегендей. Сол кезде октагонды құрып, жинауға жауап беретін адам едім. Солай бір күні аренада менің алдымда болған ринг анонсерге пародия жасап жүргенімді басшылық байқап қалды. Ал ол жүргізушімен лиганың арасында қаражат жағынан келіспеушіліктер болды. «Naiza 40” турниріне бір апта қалған кезде ринг анонсер іздеп, маған ұсыныс тастады. «Ақыры пародия жасап жүрсің ғой, бір байқап көрсеңші» дегендей. Менде де актерлік білім бар, оқығанмын. Ұсынысты қабылдап, сол кезден бері лиганың барлық кештерін жүргізіп келемін.

Жауынгерлерді хабарлау кезінде жанкүйерлердің реакциясы қаншалықты әсер етеді?

Иә, жанкүйерлердің кері байланысы октагондағы өте маңызды дүниелердің бірі. Аренадағы қолдаудан ләззат аламын. Жекпе-жек кештерінің алғашқы кардында жанкүйерлер аз болады. Мэйн-ивентке жақындаған сайын арена тола береді. Халық көбейген сайын энергия жинап, бар шабытыммен жауынгерлер есімін хабарлаймын.

IMG 8086
Фото: жеке мұрағаттан

Бокс және ММА ринг анонсерінде айырмашылық бар ма?

Айырмашылық өте көп. Боксты жанкүйерлері элиталық деңгейде өткенін қалайтын секілді. Жақсы костюммен, тік тұрып хабарлау бокста ерекше маңызға ие. Ал ММА-да сәл басқаша, ол жақта төбелес, энергия. Былайша айтқанда Брюс Баффермен Майкл Баффердің айырмашылығы сияқты ғой. Екеуінің жүргізу стилі екі бөлек. Ресейлік «Top Dog” промоушнында да жүргізуші президенті гладиаторларды шақырып жатқандай хабарлайды. Ал бокста өзіңді кішкене ұстап хабарлайсың. Тағы бір айырмашылығы ол терминдерде. Бокста «ринг», ММА-да «алаң» дегендей. Сонымен қатар бокста «жауынгер» деп айта алмайсың. Бокстағы ағаларымыз боксшыларды «жауынгер» деп атамауды өтінеді. Оларды «былғары қоғап шебері», «спортшы», немесе жәй ғана «боксшы» деп атауды сұрайды.

IMG 8089
Фото: жеке мұрағаттан

Әлемдік және қазақстандық ринг анонсерлерден кімдерді атап өтер едің?

Әлемдік аренада әрине ММА-ны  эталонымыз Брюс Бафферсіз елестете алмаймыз. Содан кейін СНГ-да Александр Загорский. Ал Қазақстандағы барлық ринг анонсерлерді жеке танимын. Арман Момынов, Ержан Мұқаш, Давид Орбелиани секілді жігіттер өз ісінің мамандары. Әр қайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.

Ринг немсе октагондағы қызықты сәттеріңмен бөліссең?

Ондай сәттер көп болады. Алғашқы жүргізу кезімде ыңғайсызданып қалған кезім болған. «Naiza 40”, кештің басты жекпе-жегі Олжас Абзалиев пен Нұрғали Нұрғайыпұлы арасындағы жекпе-жек. Сол сәтті Нұрғалиді хабарлап жатқан кезде Нұрғали жұдырық түйісу үшін маған қолын созып тұрған. Мен оны байқамай калғам, кейін эфирді көріп отқан кезде бір-ақ байқадым. Осы кезде қатты ыңғайсыздандым. Тағы бірінде бұл турнирге дейін ағылшынша білмейтінмін, тілді енді үйреніп жүрген кезімде бір спортшыны шатасып, ағылшынша 70 кг-ды 170 кг деп хабарлап жібергенім бар.

IMG 8087
Фото: жеке мұрағаттан

Қазақ ММА болашағын қалай көресің? 

Қазақ ММА-де әлі де прогресс жүруде. 2020 жылдары ковид кезінде ресейлік лигалар құлдырап жатқан кезде, біздің «Naiza», «Octagon» секілді лигалар енді енді жаңа белестерді бағындырып жатты. Қазір қаншама қазақ жігіттері UFC төрінде көк туымызды желбіретіп жүр. Жақында отанымызға UFC-дің бір белбеуі келсе, бұл елімізде ММА-дың қарқынды дамуына үлкен септігін тигізеді.

 

Ринг анонсері болу үшін қандай қасиеттер керек?

Ринг анонсерлікке белгілі бір қабілеттер керек деп айта алмаймын. Қалай дегенде де жүргізушілік қабілет керек. Ринг анонсерлік бұл жәй ғана спортшылардың есімін хабарлау емес.

Міндетті түрде ағылшын тілі қажет. Ішкі нарықта да, шет елдерге шығамын деген мақсат болса да. Кейбір сәттерде актерлік қабілеттер керек. Басында бұлай хабарлау бәрімізге күлкілі болып көрінетін. Ал қазір өзіміздің мамандығымыз іспетті.

Сұхбаттасқан: Айнат Қабидуллаев