26.11.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Рахмонов Махачевке жолығуға дайын екенін ашық айтты

Рахмонов Махачевке жолығуға дайын екенін ашық айтты

Жеңіліп көрмеген қазақ файтері, UFC-дегі жартылай орта салмақтың үшінші нөмірі Шавкат Рахмонов өзіне чемпион Ислам Махачевке ең ауыр қарсылас деп қарайтынын айтты, деп хабарлайды Prosports.kz.

Ариэль Хельваниға берген сұхбатында Шавкат чемпионның өзіне ыңғайлылау қарсылас іздеуі мүмкін екенін, бірақ ол ондайлардың қатарында еместігін атап өтті:

«Бәлкім, Ислам өзіне қолайлы, ыңғайлырақ біреуді іздеп жүрген шығар. Ал мен — оның дивизиондағы ең қолайсыз, ең қиын қарсыласымын. Жеңілмей келе жатқаным — жай нәрсе емес. Мүмкіндікті жібермеймін».

Ал алда болуы мүмкін жекпе-жек жайлы айта келе, Рахмонов кез келген сценарийге дайын екенін айтты:

«Махачевпен айқас өте тартысты болады. Ислам әдетінше жерге түсіріп, күреске көшкісі келеді. Бірақ оның тейкдаунына да, басқа тәсілдеріне де дайын боламын. Мен — Махачевке шын мәнінде қиын қарсыласмын, себебі кез келген жерде — стойкада да, жерде де, клинчте де айқаса аламын. Исламның өзі де мұны жақсы біледі».