29.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Рафаэль Уразбахтин «Реалға» қарсы ойында қақпада кім тұратынын жариялады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Рафаэль Уразбахтин «Реалға» қарсы ойында қақпада кім тұратынын жариялады

Алматылық «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтин UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңі екінші турында «Реал Мадридке» қарсы өтетін ойында қақпаны Шерхан Қалмұрза қорғайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол бүгінгі баспасөз мәслихатында айтты.

«Шерхан Қалмұрза Португалияның «Спортингімен» өткен ойында өзін жақсы қырынан көрсетті. Ешқандай қобалжу байқамадым. Оның дайындығы жөнінде қақпашылар бапкері Илья Юров жақсы біледі. Алдағы матчта оған әріптестері көмектеседі деген сенімдемін. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті сезінеді», – деді бас бапкер.

Бұл кездесуді Италиядан келген төрешілер бригадасы басқарады. Бас қазы – Марко Гуида, оған Джорджио Перетти мен Джузеппе Перротти жәрдемдеседі. Төртінші төреші – Симоне Соцца.

Кездесу 30 қыркүйек күні сағат 21:45-те Алматыдағы Орталық стадионда басталып, «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетіледі.