24.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Қызылжар» мен «Ордабасы» өз алаңына сенеді — сарапшы ел Кубогінің алғашқы жартылай финалы туралы

«Қызылжар» мен «Ордабасы» өз алаңына сенеді — сарапшы ел Кубогінің алғашқы жартылай финалы туралы

25 маусымда Петропавлда Қазақстан Кубогының жартылай финалының алғашқы матчында жергілікті «Қызылжар» шымкенттік «Ордабасы» аяқдопшыларымен күш сынасады. Ойын «Қарасай» стадионында өтеді.

Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің өкілі Шамкен Байырбек Sport Pulse порталына алдағы матчқа қатысты пікір айтты.

— Бұл Қазақстан чемпионатында қатарлас келе жатқан екі клубтар (7-8-орындар). Дегенмен жеке-жеке тоқталар болсам, әрқайсына пікір қақ жарылады.

Алаң иесі «Қызылжар» қазір құлдырады. 5-6 матч жеңіске жете алмай жатыр. Осыған дейін Қазақстан Кубогының ширек финалында «Елімайды» жеңген. Содан бері жанкүйерлерді қуанта алмай тұр. Соған қарамастан «Қызылжар» маусымдағы көп жеңісіне өз алаңында қол жеткізді. Яғни, команда өз алаңындағы осы басымдықты тағы пайдаланып қалуға тырысады. Бір жағынан 5 күннен кейін күнгейде өтетін қарымта ойынның қалай өтетіні ертеңгі кездесуге тікелей байланысты.

Ал «Ордабасы» бұл ойынға көтеріңкі көңіл күймен келеді. Қазақстан чемпионатында «Оқжетпесті» жеңгені футболшыларды жігерлердірді. Бұл жағынан (психологиялық) Шымкент клубында басымдық бар. Сосын, «Ордабасы» Кубоктың фавориті саналған «Қайратты» жарыс жолынан шығарды. Ойын мәнері жағынан алғанда биыл «Ордабасы» сауатты қорғайтын команданың бірі. Қарымта ойын барын ескерсек, шымкенттік футболшылар түзде көп шығынға ұшырамай, финал жолдамасын өз алаңында қолға түсіруді жөн көруі әбден мүмкін.

Жалпы ертеңгі ойында көп гол соғыла қоймайды. Ары кетсе 1-2 гол. Тең ойынның өзі «Ордабасының» көңілінен шығатын есеп. Менің болжамым, Ордабасының жеңісі (0-1) немесе тең есеп (1-1).

Ойын Қазақстан уақыты бойынша сағат 18:00-де басталады. Тікелей эфир — Qazsport арнасында.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!