04.10.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қызылордада алғаш рет Қазақстан кубогының финалы өтеді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қызылордада алғаш рет Қазақстан кубогының финалы өтеді

Бүгін, 4 қазанда, Қызылорда қаласы Қазақстан футболы тарихында тұңғыш рет ел Кубогының финалдық кездесуін қабылдайды. «Қайсар Аренада» өтетін шешуші матчта Қостанайдың «Тобылы» мен Шымкенттің «Ордабасы» командасы жүлде үшін таласады. Кездесудің басталуы 19:00-ге жоспарланған.

Бұл – Қазақстан кубогының 33-ші маусымы. Осыған дейін финалдық ойындар тек бес қалада – Алматы, Астана, Тараз, Шымкент және Ақтөбеде өткен. Енді бұл тізімге Қызылорда да қосылып отыр.

Финал қос команда үшін де айрықша маңызды:

  • «Ордабасы» үшін бұл – Еурокубок жолдамасына ие болудың соңғы мүмкіндігі;

  • «Тобыл» үшін – маусымды трофеймен қорытындылап, жанкүйерлерінің көңілінен шығу.

Айта кетейік, Қостанайлық клуб биылғы Премьер-лигада үшінші орынға ие болды. Ал шымкенттік ұжым Еуропа аренасына тек осы кубок арқылы шығуға үмітті. Сондықтан финалдың жоғары деңгейде, тартысты өтетіні анық.

Қызылордалық жанкүйерлер бүгін тарихи сәттің куәсі болмақ – ел Кубогының финалы алғаш рет өз қалаларында өтпек.