24.06.2025
Оқу уақыты: 1 мин

ҚФФ Талғар қаласында футбол академиясының құрылысын бастады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
ҚФФ Талғар қаласында футбол академиясының құрылысын бастады

Қазақстан футбол федерациясы Талғар қаласында жаңа футбол академиясының – «KFF Academy by Almaty International Airport» құрылысын бастады. Жоба Алматы халықаралық әуежайының қолдауымен іске асып жатыр және қаржыландыру толықтай әуежайдың жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Іс-шараның ашылу салтанатында TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан бұл бастама олардың стратегиялық ұстанымдарының бір бөлігі екенін атап өтті:
«Біз тұрақты дамудың негізі – жауапкершілік, әлеуметтік қатыстылық және бизнестен тыс даму екенін жақсы түсінеміз. Жастар мен қоғамға бағытталған жобаларды қолдау – біздің басты құндылықтарымыздың бірі», – деді ол.

Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров бұл жоба еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті:
«Академия жас футболшыларды заманауи талаптарға сай жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі балалар-жасөспірімдер спорты мен жаңа буын қазақстандық футболшыларды тәрбиелеу жолындағы маңызды жоба», – деді федерация басшысы.

Рәсім соңында жоба жетекшілері футбол добына қол қойып, оны жас спортшыларға табыстап, құрылысқа символикалық түрде бастау берді.

Академияның жалпы аумағы – 5 520 шаршы метр. Нысан үш негізгі блоктан тұрады:

  • Спорттық кешен: жабық футбол залы, жалпы дене дайындығы залдары, қалпына келтіру бассейндері, шешінетін бөлмелер;

  • Әкімшілік-тұрмыстық блок: жаттықтырушылар кабинеттері, медициналық кабинеттер, конференц-зал, асхана;

  • Тұрғын блогы: төрт қабатты жатақхана – академия тәрбиеленушілері мен қызметкерлеріне арналған.