07.11.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Қазақстанның Ат спорты федерациясы Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласындағы FEI Бас ассамблеясына қатысуда

Қазақстанның Ат спорты федерациясы Қытай Халық Республикасының Гонконг қаласындағы FEI Бас ассамблеясына қатысуда

4–7 қараша аралығында Гонконг қаласында Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) Бас ассамблеясы өтіп жатыр. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарлады.

FEI Бас ассамблеясы Гонконгте бұған дейін 27 жыл бұрын өткізілген. Бұл – ат спорты саласындағы негізгі жыл сайынғы форум, әлемнің ұлттық федерациялары халықаралық спорттық ережелерді, жарыстар форматын бекітеді. Ассамблея жұмысына 87 ұлттық федерацияның өкілдері қатысуда.
Атап айтсақ, FEI құрамына 132 мемлекет кіреді және ол ат спортының әлемдік басқарушы органы болып табылады.

Қазақстан делегациясы пленарлық отырыстарға, жұмыс топтарының талқылауларына және дауыс берулерге қатысуда. Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бастап FEI мүшесі болып табылады және сол уақыттан бері Бас ассамблея жұмысына тұрақты түрде қатысып келеді.

Алғашқы күндері конкур және атпен мәнерлеп жүру бойынша спорттық ережелерді жаңарту, спортшылар мен аттардың қауіпсіздігін арттыру, ветеринариялық және антидопингтік талаптарды жетілдіру мәселелері талқыланды. Қабылданған шешімдердің бірі — цифрлық ат паспорты (FEI Digital Passport) жүйесін енгізу. Бұл жүйе аттың тіркеуі, вакцинациясы және оның қозғалысы туралы ақпаратты біріктіретін бірыңғай электрондық формат болып табылады.

Ассамблея аясында Еуразиялық Ассоциацияның отырысы да өтті. Бұл ұйымға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусия және аймақтың басқа да елдері кіреді. Қазақстан делегациясы ұлттық инфрақұрылымды дамыту, отандық жарыстарды халықаралық күнтізбеге енгізу және FEI Solidarity бағдарламаларына қатысу мәселелерін ұсынды.

Қазақстан спортшыларды халықаралық сертификаттау бойынша пилоттық жобаны және жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасын іске қосуды басты мәселе екенін атап өтті. Бұл бастамалар қолдау тауып, FEI-дің алдағы жұмыс жоспарына енгізілді.

FEI шешімімен, 2026 жылы Қазақстанда үш ірі халықаралық турнир өтеді: Әлем кубогының кезеңі, FEI Challenge финалы және Еуразиялық лиганың финалы.

Бұл қазақстандық спортшыларға халықаралық рейтингтік ұпайларды ел ішінде жинауға мүмкіндік беріп, шетелге шығу шығындарын азайтады және тұрақты халықаралық жарыс тәжірибесін қамтамасыз етеді.

Қазақстандық делегацияның өкілі, ҚР Ат спорт федерациясы президентінің кеңесшісі Сергей Буйкевич өз сөзінде:
«Қазақстанның FEI Бас ассамблеясына қатысуы біздің елге шешім қабылдау процесінің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді. Білім беру бағдарламаларын қолдау және ірі халықаралық турнирлерді өткізу құқығын алу – еліміздегі ат спортының дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады».

Атап өтсек, Ассамблея 7 қараша күні аяқталады.