Қазақстаннан алғаш рет қос каратэші әлемде жыл үздігі атанды

Қазақстаннан алғаш рет қос каратэші әлемде жыл үздігі атанды

Марокко астанасы Рабатта каратэден Премьер-лига санатындағы жылдың қорытынды турнирі мәресіне жетті.

Қазақстан каратэ федерациясынан мәлім еткеніндей, биылғы 4 жарыстың нәтижесінде өз салмағындағы рейтингте көп ұпай жинаған отандастарымыз Мөлдір Жаңбырбай (-50 кг) мен Әсел Қанай (-61 кг) үздік спортшыға берілетін Grand Winner аталымына ие болды.

Осыған дейін ұлттық құраманың 2 спортшысы қатар мұндай марапатқа ие болмаған.

Мөлдір Жаңбырбай былтыр тұңғыш рет 50 келіге дейінгі салмақта Grand Winner жүлдесін жеңіп алған еді. Ол — Қазақстаннан осы сыйлықты 2 мәрте иеленген алғашқы каратэ шебері.

Мөлдір биыл Париж қаласында өткен алғашқы Премьер-лига бәсекесінде қола, Ханчжоуда күміс, Каирде алтын медальға қол жеткізді. Әсел Париж бен Каирде күміс, Ханчжоуда қола медаль олжалаған.

Сонымен қатар биыл осы атақтан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева да үмітті болды. Алайда команда көшбасшысы Рабатта топтық кезеңнен шыға алмай, ұпай саны жағынан қарсыласын қуып жете алмады.