01.07.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Қазақстандық теннисшілер Уимболдонда бақ сынайды: сарапшы пікірімен бөлісті

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Рыбакина источник olympic.kz

Уимблдон турнирі биыл да тартысқа толы басталды. Алғашқы күннен-ақ әлемдік рейтингте жоғарғы сатыда тұрған Данил Медведев пен Стефанос Циципас жарысты ерте аяқтап, теннис жанкүйерлерін таңғалдырды. Бұл – биылғы турнирдің қаншалықты күтпеген нәтижелерге толы болатынының дәлелі.

Бүгіннен бастап қазақстандық теннисшілер де Уимблдонда жарыс жолына шығады. Осыған орай журналист, спорт сарапшысы Әбілмансұр Қамзаев Sport Pulse порталына пікір білдірді:

Александр Бублик – Хауме Муньяр

Қазақстандық теннисші Бублик шөпте өзін сенімді сезінеді. Бұған жақында ғана Халледе өткен ATP турниріндегі жеңісі дәлел. Ол жерде Бублик Синнер, Хачанов, Медведев секілді мықтыларды жеңіп шықты. Жанкүйермен жұмыс істеуді, шоу жасауды ұнататын теннисші ретінде бүгін де көрерменге ерекше эмоция сыйлауы мүмкін. Муньярмен болатын кездесуде үш немесе төрт сет нәтижесімен жеңіске жетіп, келесі айналымға өтеді.

Александр Шевченко – Рейлли Опелка

Шевченконың шөптегі ойыны әлі тұрақсыз – бірде жақсы, бірде сенімсіз. Бірақ алғашқы турдағы сенсациялар легін ескерсек, бұл ойында да тосын нәтиже тіркелуі мүмкін. Опелка оңай қарсылас емес, дегенмен бес сетке созылатын ойында Шевченко 3:2 есебімен жеңіске жетуі ықтимал.

Флавио Коболли – Бейбіт Жұқаев

Жұқаев іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, негізгі турнирге жолдама алды. Бұл – өзі үшін үлкен жетістік. Алайда алғашқы қарсыласы – Италияның талантты теннисшісі Флавио Коболли. Италиялық теннисшілер әрдайым тактикалық және физикалық дайындық жағынан жоғары деңгейде. Жұқаевқа жанкүйерміз, бірақ бұл ойында фаворит – Коболли.

Елена Рыбакина – Элина Аванесьян

Рыбакина бұл турнирде басты фавориттердің бірі. 2022 жылы Уимблдонда жеңіске жетсе, 2023 жылы – ширек финалға, ал 2024 жылы – жартылай финалға дейін барды. Аванесьян топ ойыншылар қатарына кірмейді. Сондықтан бұл – Рыбакина үшін «бой қыздыру» матчы. Отандасымыз 6:1, 6:2 секілді сенімді есеппен жеңіске жетіп, келесі айналымға жолдама алады деп күтілуде.