10.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қазақстанда спорттағы діни әрекеттерге тыйым салынды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақстанда спорттағы діни әрекеттерге тыйым салынды

2025 жылдың 19 шілдесінен бастап Қазақстанда жаңартылған спорттық этика кодексі күшіне енеді. Тиісті бұйрыққа Мәдениет және спорт министрі қол қойды. Құжат барлық спортшылар мен спорт процесіне қатысушылар үшін міндетті болып табылады.

Жаңа редакцияда жарыс кезіндегі ғана емес, қоғамдық кеңістіктегі мінез-құлық та нақты реттеледі. Ең маңызды өзгерістердің бірі — дінге қатысты. Енді спортшылар мен жаттықтырушыларға діни сенімдерін ашық түрде көрсетуге, әріптестерін діни қызметке тартуға және өз көзқарасын тікелей немесе жанама түрде насихаттауға тыйым салынады.

Сондай-ақ саяси пікір білдіру, ел абыройына нұқсан келтіретін әрекеттер мен қоғамға жат қылықтар жасауға да қатаң тыйым бар.

Этикалық талаптардың ішінде Қазақстанның және өзге елдердің мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қарау, әділ ойын қағидаларын сақтау, жанкүйерлермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен мәдениет шеңберінде қарым-қатынас орнату міндеттеледі. Жүлде тапсыру рәсімдерінде спортшылар өз ұлттық құрамасының немесе клубының киімін киюі тиіс.

Құжатта жаттықтырушылар мен спортшылардың тәрбиелік рөліне де ерекше назар аударылған. Енді әр бапкер өз шәкіртінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын білетінін және оны орындау барысында этикалық нормаларды сақтайтынын қадағалауы тиіс.