22.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита Италияға қарсы матч алдындағы ойымен бөлісті

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақстан құрамасының қақпашысы Игита Италияға қарсы матч алдындағы ойымен бөлісті

Қазақстан футзал құрамасының қақпашысы Игита Еуро-2026 іріктеуінің плей-офф кезеңіндегі Италияға қарсы жауапты матч алдындағы көңіл күйін айтты. Оның сөзінше, команда барынша дайын әрі ел намысы үшін соңына дейін күресуге әзір, деп хабарлайды Sport Pules.

«Ертең біз үшін, Кака айтқандай, ұлттық құрамадағы өміріміздегі ең шешуші матч болмақ. Біз дайын болатынымызға ешқандай күмән жоқ. Дайындығымыз жоспарға сай жүріп жатыр. Сырт алаңда жақсы ойын көрсеттік. Иә, жеңіліп қалдық, бірақ сол кездесуден көп жағымды сәт алуға болады. Бізде күшейту бар, жанкүйерлеріміз алға жетелейді. Ертең өте ауыр әрі шиеленісті ойын болады. Ел үшін жеңіс сыйлау мақсатында алаңда жанымызды салуға дайынбыз», – деді Игита баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетейік, алғашқы ойында Италияның Фазано қаласында Қазақстан құрамасы 1:2 есебімен жеңілген еді.

Жауапты кездесу 23 қыркүйекте Астанада өтеді.

Плей-офф кезеңінде өз топтарында екінші орын алған сегіз құрама бақ сынауда. Екі ойын қорытындысы бойынша төрт команда Еуро-2026-ның финалдық кезеңіне жолдама алады. Турнирдің финалдық бөлігі 2026 жылдың 20 қаңтарынан 7 ақпанына дейін Латвия, Литва және Словенияда өтеді.