05.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қазақстан құрамасы Уэльске есе жіберді

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақстан құрамасы Уэльске есе жіберді

4 қыркүйекте футболдан Қазақстан құрамасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу ойынында Уэльс командасына 0:1 есебімен есе жіберді, деп хабарлайды Sport Pulse.

Бірінші таймда қонақтар есеп ашты – Кифер Мур айып добынан кейінгі шабуылда допты қақпаға енгізді.

Екінші таймда қазақстандықтар есепті теңестіруге ұмтылып, бірнеше қауіпті сәт жасады. Ғалымжан Кенжебектің соққысы қақпа сирағынан қайтса, Максим Самородовтың соққысын Уэльс қақпашысы Карл Дарлоу қайтара білді.

Ойынның соңғы секундтарында Серікжан Мужиков айып добынан қақпа крестовинасын дәл көздеді. Дегенмен нәтиже өзгермей, жеңісті Уэльс құрамасы тойлады.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңіндегі төрт ойында үшінші рет жеңілді.

7 қыркүйекте ұлттық құрамамыз сырт алаңда Бельгияға қарсы матч өткізеді.