13.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Қазақстан футболына жаңа серпін берген QJ League-ның топ-5 жұлдызы

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қазақстан футболына жаңа серпін берген QJ League-ның топ-5 жұлдызы

Қазақстан жастарына арналған QJ League турнирі — еліміздің жас футболшылары үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей жоба. Бүгінде бұл лига үшінші маусым қатарынан ұйымдастырылып келеді. Бұл — жай ғана жарыс емес, талай жасөспірімнің кәсіби футболға жасаған алғашқы сенімді қадамына айналып отыр.

QJ League арқылы көзге түскен таланттар шетелдік скауттардың назарын аударып, Еуропаның үздік 5 чемпионатының клубтарына дейін жол тартып жатыр. Осы орайда алғашқы маусымда ерекше көзге түскен үздік бес ойыншыны назарларыңызға ұсынамыз:

1. Дастан Сәтпаев — QJ League-тің алғашқы маусымында гол соққан ең жас ойыншы. Қазіргі таңда ол — «Қайраттың» негізгі шабуылшысы әрі Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы. Дастанды ағылшынның әйгілі «Челси» клубы сатып алған, алайда 18 жасқа толмағандықтан әзірге Алматы клубының сапында өнер көрсетіп жүр. Алғашқы маусымының өзінде-ақ ол «Қайрат» жейдесінде 12 матчта 8 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген. Қазіргі таңда Қазақстан Премьер-Лигасының үздік сұрмергені ретінде бомбардирлер тізімінің көшін бастап келеді. Мұның бәріне ол небәрі 16 жасында қол жеткізіп отыр.

 

2. Темірлан Мұрзағалиев — QJ League-тің алғашқы маусымында «Ақтөбе» сапында көзге түсіп, кәсіби футболдағы жолын сенімді бастады. Қазір ол «Қайсар» клубының негізгі қорғаушысына айналды. Жуырда ҚПЛ аясында өткен матчта Темірлан 97-минутта «Жетісу» қақпасын дәл көздеп, өз командасына тең есепті сыйлады. Бұл — оның Қазақстан Премьер-Лигасындағы алғашқы голы. Ойын өрнегін осылай жалғастыра берсе, жақын арада ұлттық құрамадан да шақырту алуы әбден мүмкін.

 

3. Аян Байдәулетов — QJ League-тің алғашқы маусымында жарқырай көрініп, көпшіліктің назарына ілінген ойыншылардың бірі. Жасөспірімдер арасындағы Қазақстан U-19 құрамасына шақырту алды. Бүгінде ол «Ақтөбенің» негізгі құрамымен жаттығып жүр және ҚПЛ аясында 5 матчқа қатысып үлгерді. Жуырда «Қайратқа» қарсы кездесуде есеп ашып, алғашқы голын соқты. Сонымен қатар, All-Star сынды маңызды шараларға да қатысып үлгерді. Жартылай қорғаушы ретінде әрбір ойында алаңға жанын салып, шын ықыласымен ойнайтынын көруге болады. Ойын стилі мен жанкештілігі оның болашағының жарқын екенін айқын аңғартады.

 

4. Глеб Валгушев — «Қайрат» академиясының түлегі. Қазіргі таңда Петропавлдың «Қызылжар» командасында доп теуіп жүр. Қазақстан Премьер-Лигасында 9 матчқа қатысып, 2 нәтижелі паспен көзге түсті. Жуырда Қазақстанның U-21 құрамасына шақырту алып, негізгі құрамда өнер көрсетті. Жас ойыншы алаңда өзін сенімді көрсетіп, шабуылға серпін беретін шешуші сәттерде ерекше көзге түсіп жүр.

 

5. Жасұлан Әмір — «Ордабасы» клубының негізгі құрамында өнер көрсетіп жүрген жас талант. Қазақстан Премьер-Лигасында 3 матчқа қатысып үлгерді. Жасұланның әлеуеті шетелдік мамандардың да назарынан тыс қалған жоқ — қазірдің өзінде бірнеше скаут оның ойынына қызығушылық танытуда. Қазіргі таңда ол Бразилияда қаралымда жүр. Бұл — оның шетелдік футболға алғашқы қадамы болуы әбден мүмкін.