29.07.2025
Оқу уақыты: 6 мин

Қазақ футболындағы егіз қыздар: бір алаң, бір арман

Қазақ футболындағы егіз қыздар: бір алаң, бір арман

Олар бала кезден бір доптың соңында бірге жүгіріп, бір арманға бірге қанат қаққан. Гүлсая мен Жансая — егіз әпкелі-сіңлілі футболшылар. Бүгінде екеуі де кәсіби деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстан әйелдер футболының жаңа буыны ретінде көзге түсіп жүр.Қос ару да 22 жастарына дейін «Ақтөбе» мен «Тобыл» сапында ойнап үлгерген.

Бұл сұхбатта олар футболға қалай келгендерін, әкелерінің рөлін, алаңдағы бәсекелестік пен қолдауды, Қазақстандағы әйелдер футболының бүгіні мен болашағын шынайы баяндап берді.

 

— Футболға қалай келдіңіздер? Бала кезден бірге ойнайсыздар ма? 

Футболға келуімізге ең үлкен себеп – әкеміз. Ол кісі жас кезінде футболды өте жақсы көріп, өзі де ойнаған. Сол махаббат бізге дейін жетті.  Әкеміздің бізге сеніп, әрқашан қолдап отырғаны бізді алға жетелейді. Бүгінде біз алаңда ойнап жүргенде, әр қадамымызда сол кісінің ізі жатыр.

Әр ойыннан кейін біз үшеуміз — мен, егізім және әкеміз — сол ойынды міндетті түрде талдаймыз. Бұл бізде бала кезден келе жатқан дәстүр іспеттес. Әкеміз біздің ең үлкен жанкүйеріміз ғана емес, ең қатал сыншымыз әрі ең шынайы ұстазымыз. Ол кісі бізге әрқашан шындықты айтады: жақсы ойнасақ – мақтайды, кемшілік жіберсек – нақты көрсетіп, қай жерден өсу керек екенін түсіндіреді. Сол үшін де біз әр ойында өзіміз үшін ғана емес, әкеміздің сенімін ақтау үшін де бар күшімізді саламыз.

Бала кезімізден үйдің алдында, ауылда ер балалармен бірге доп қуалап өстік. Футбол біз үшін ойыннан арманға айналып, біртіндеп мақсатқа, кейін кәсіби жолға айналды. Біз ешқашан бөлек ойнаған емеспіз – доп тепсек те, армандасақ та, бәрін бірге бастадық.

-Егіз футболшылар өте сирек кездеседі. Алаңда араларыңызда бәсекелестік бола ма? Әлде керісінше көбірек қолдау бола ма? 

Гүлсая Сарманова:

Иә, бізде спорттық бәсекелестік бар – бұл біздің жеке дамуымызға, күн сайын өзімізді жетілдіруге үлкен көмек береді. Бірақ сонымен қатар, бізде қолдау одан да жоғары деңгейде. Біріміз сүрінсек, екіншіміз сүйемелдейміз. Бәсекелестік бізді алға итермелесе, қолдау – сол жолда бірге қалуымызға себеп.

Мен үшін егізімнің қолдауы қаншалықты маңызды болса – оны қолдау да мен үшін сондай маңызды. Бұл – біз екеуміздің арамыздағы көзге көрінбейтін, бірақ өте берік байланыс. Алаңда да, өмірде де біз бір-біріміз үшін жанымызды салуға дайынбыз. Егіз болу – бұл тек ұқсастық емес, бұл – шын мәнінде серіктестік.

Жансая Сарманова:

Егіз футболшылардың сирек кездесетіні рас. Біздің жағдайымызда бұл – ерекше артықшылық деп айтар едім. Әрине, алаңда аздап ішкі бәсекелестік те болады, себебі әрқайсымыз өзімізді дәлелдегіміз келеді. Бірақ бұл бәсекелестік бір-бірімізді алға сүйрейтін бәсекелестік. Біз бір-біріміздің әлсіз тұстарымызды жақсы білеміз, және әрқашан кеңес беріп, қолдап жүреміз. Көп жағдайда, мен алаңда тек өзім үшін емес, егізім үшін де ойнап жатқандай сезінем. Себебі ол менің айнам, мотивациям, әрі ең жақын серігім. Сол себепті, қолдау бізде әрқашан бәсекеден жоғары тұрады.

-Бапкерлер, командаластарың шатастыратын сәттер болды ма? Осыған байланысты қандай қызықты оқиғалар бар? 

Жансая Сарманова:

Иә, әрине, ондай жайттар жиі кездескен. Жаттығуда біз екі бөлек бөлініп жаттығу жасайтын кездеріміз болатын — шабуылшылар мен қорғаушылар бөлініп. Сол кезде мені бапкер шабуылшылармен жиі қосып жіберетін, ал егізімді қорғаушыларға. Біз кейін қыздарға қарап, екеу ара алмаса қоятынбыз.

Осындай жайт ойын кезінде де болған. Егізім екеуміз қосалқы құрамда қалған болатынбыз. Кейін бапкер мені алаңға шығаратын уақытта егізімнің атын айтып: «Қыздыру жаттығуын жасасын», — деді. Егізім қыздыру жаттығуын бастап кетті. 1–2 минуттан кейін бапкер менің әлі отырғанымды көріп: «Сен неге қыздырынбай жатырсың?» — деді. Мен: «Сіз егізімнің атын айттыңыз ғой», — дегем. Кейін бапкер қателесіп кеткенін айтып, мені қыздырынуға жіберді.

 

-Қазақстандағы әйелдер футболының деңгейі қалай? Қаншалықты жағдай жасалған? Қаншалықты көңіліңіз толады?

Гүлсая Сарманова:

Соңғы жылдары Қазақстанда әйелдер футболына деген көзқарас өзгеріп, қолдау артып келе жатыр. Биылдан бастап әйелдер лигасына 14 команданың қатысуы — бұл өте үлкен қадам және даму жолындағы нақты қолдау деп білемін. Мұның өзі Қазақстанда әйелдер футболына деген сенім мен қызығушылықтың артқанын көрсетеді.

Біз сияқты жас футболшылар үшін мұндай қолдаудың болуы – үлкен мотивация. Қазірдің өзінде көптеген клубтарда жақсы жағдайлар жасалып жатыр: алаңдар, жаттығу мүмкіндіктері, ойын тәжірибесі. Сонымен қатар, ақпараттық қолдауда бар.

Әрине, әйелдер футболы әлі даму үстінде. Жас ойыншыларды тәрбиелеу жүйесі, академиялар, кәсіби бапкерлер дайындығы сияқты бағыттарда жұмыс күшейтілуі керек.

Бірақ мен Қазақстан әйелдер футболының болашағына сенемін. Бұл лига жыл сайын дамиды деп ойлаймын. Біз секілді спортшыларға сенім артып, мүмкіндік берілсе – нәтиже де, өсім де сөзсіз болады.

-Қазақстанда қай клубта ойнағыңыз келеді? 

Гүлсая Сарманова:

Кәсіби футболшы ретінде Қазақстанның қай командасы болса да ойнауға дайынмын. Маған сенім артып, мүмкіндік берілсе, сол команданың да, елдің де намысын адал қорғауға тырысамын.

Қай жерде ойнасам да, барымды салып, жүрегіммен ойнаймын. Маған ең маңыздысы – тұрақты даму, өзімді үнемі шыңдау және болашақта Қазақстан құрамасының жейдесін киіп, ел намысын халықаралық аренада қорғау.

Жансая Сарманова:

Менің арманым – Қазақстанның мықты командаларының бірінде, яғни туған қаламның командасы «Ақтөбе» сапында ойнау. Бұл клубтың тарихы, жанкүйерлік мәдениеті және жеңіске деген рухы мені әрқашан шабыттандырып келген. «Ақтөбе» – тек команда емес, бұл – үлкен отбасы, нағыз футбол атмосферасы. Онда ойнау мен үшін үлкен жауапкершілік әрі абырой болар еді. Туған жердің намысын қорғау — әр футболшыға бұйыра бермейтін бақыт. Сол себепті, болашақта дәл осы клубтың жейдесін киіп, солардың намысын қорғау – мен үшін үлкен мақсат әрі шынайы мотивация.

— Шетелде өнер көрсету жоспарда бар ма? Әлемде ерлер футболындағыдай әйелдер футболында да Англия мықты ма? 

Гүлсая Сарманова:

Иә, шетелде ойнау – менің басты армандарымның бірі. Жаңа чемпионатта ойнау, жаңа стиль көру – кәсіби дамуға үлкен әсер етеді.

Әйелдер футболында ұлттық деңгейде АҚШ құрамасы – сөзсіз үздіктердің бірі. Олар әлем чемпионатын 4 рет жеңіп алған. Ал клубтық деңгейде Испанияның «Барселона» және Францияның «Олимпик Лион» командалары өте мықты. Соңғысы – Чемпиондар лигасын 8 мәрте жеңіп алған.

Әйелдер футболында Англияны әлсіз деп айта алмаймын, бірақ әйелдер футболындағы көш басқа жақта. Яғни, ерлер футболында Англия алдыңғы қатарда болса, әйелдерде басымдық Америка, Франция, Испания сияқты елдерде.

Айта кету керек, бізде де мықты командалар бар. Мысалы, қазақстандық БИІК командасы. Олар 2018 жылы елімізде өткен матчта әйгілі «Барселона» командасын 3:1 есебімен жеңген. Бұл — Қазақстан әйелдер футболының әлеуеті бар екенін көрсететін керемет дәлел.

-Мансабыңызда естен кетпейтін бір ойын болды ма?

Гүлсая Сарманова:

Кез келген футболшы үшін кәсіби деңгейдегі алғашқы дебюттік ойыны – әрқашан ерекше. Мен үшін де дәл солай.

Дебюттік ойыным – менің есімде мәңгі қалатын сәттердің бірі. Алаңға 18-минутта шықтым, және бар болғаны 27 минут өткенде-ақ алғашқы голымды соқтым.

Бұл тек бір ойын емес, үлкен армандардың басталған сәті болды. Сол эмоция, сол қуаныш – ерекше әсер қалдырды. Сондықтан дәл осы ойынды мен үшін ең есте қаларлық сәт деп санаймын.

Жансая Сарманова:

Иә, мен үшін ешқашан ұмытылмайтын бір ерекше ойын бар. Ол — менің дебюттік ойыным. Сол сәтте бала кездегі арманым орындалып, кәсіби деңгейде алғаш рет алаңға шықтым. Командамыз сол кезде жеңіліп жатқан еді, бірақ бапкер маған сенім артып, алаңға шығарды. Іштей қалай толқығанымды сөзбен айтып жеткізу қиын — сырт көзге байқалмаған шығар, бірақ ішімде ерекше қуаныш, толқу, жауапкершілік сезімі қатар жүріп жатты. Алаңға аяқ басқан сәттен бастап, бірден ойын ырғағына еніп кеттім. Матч өте тартысты, эмоцияға толы болды, өз ойыным өзіме ұнады десем болады. Ал ойыннан кейін бапкерімнің жылы сөзі мені одан сайын шабыттандырды. Бұл ойын – менің футболдағы жаңа тарауымның бастауы болды.

— Сұхбатқа рақмет! Алдағы мансаптарыңызға сәттілік тілеймін!

-Сізге де рақмет!