10.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Қарағандыда заманауи футбол академиясының жобасы таныстырылады

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
Қарағандыда заманауи футбол академиясының жобасы таныстырылады

16 шілде күні Қарағанды облысы әкімдігінде заманауи футбол академиясының жобасы таныстырылады. Аталған жоба Freedom Holding Corp. компаниясының бастамасымен әзірленген. Таныстырылым шарасына компанияның бас директоры Тимур Русланұлы Турлов қатысып, жобаны облыс басшылығына жеке өзі таныстырады.

Академия кешенінде жыл бойы жұмыс істейтін жабық манеж, бірнеше мың көрерменге арналған стадион, жылытылатын жаттығу алаңы, ұлдар мен қыздарға арналған интернат, медициналық кабинеттер және басқа да инфрақұрылым нысандарының құрылысы қарастырылған. Барлық құрылыс жұмыстары Freedom Holding Corp. есебінен жүзеге асады.

Айта кетейік, Тимур Турлов 2023 жылдан бері еліміздегі жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған Freedom QJ League-нің Қамқоршылар кеңесін басқарып келеді. Бұл лигада Қазақстанның ұлдар және қыздар құрамалары үш жас санатында бақ сынайды. Лига екі жыл қатарынан Metaratings Top Awards жүлдесінде «Жылдың үздік спорт ұйымы» деп танылды. Ал Турлов «Жылдың үздік спорт менеджері» атанған болатын.

Freedom QJ League құрамында Wyscout аналитика жүйесі, «ақылды» камералар, FF Manager атты бапкерлерге арналған платформа сынды инновациялық технологиялар сәтті енгізіліп келеді. Аталған платформа бірнеше беделді халықаралық digital-жүлделерге ие болған.

Жаңа академияның құрылуы — осы жүйелі дамудың заңды жалғасы болмақ.