06.08.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Қайрат» жеңісті жұлып алды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Қайрат» жеңісті жұлып алды

Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында алматылық «Қайрат» өз алаңында Словакияның «Слован Братислава» клубын қабылдады.

Кездесудің бірінші таймы тартысты өтті – қос команда алма-кезек шабуыл ұйымдастырғанымен, гол соғылған жоқ. Екінші таймның 65-минутында қонақтар сапындағы Рахим Ибрахим екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Бұл эпизодтан кейін «Қайрат» шабуылдарын үдетті.

Ойынның негізгі уақыты аяқталар сәтте, 90-минутта «Қайрат» он бір метрлік айып добын орындауға мүмкіндік алды. Пенальтиді орындауға келген 16 жастағы Дастан Сатпаев шеберлікпен гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Бұл — Сатпаевтың Чемпиондар лигасындағы үшінші голы.

97-минутта Рикардиньо соққан гол ойыннан тыс қалуына байланысты есепке алынбады.

Қарымта матч 12 тамыз күні Словакияда өтеді.

Айта кетейік, егер «Қайрат» келесі кезеңге өтсе, плей-оффта Шотландияның атақты «Селтик» клубымен кездеседі.