25.07.2025
Оқу уақыты: 1 мин

«Қайрат» бразилиялық қақпашымен келісімшартқа отырды

Бағдаулет Ерғали
Бағдаулет Ерғали
«Қайрат» бразилиялық қақпашымен келісімшартқа отырды

Алматының футзалдан «Қайрат» клубы 29 жастағы бразилиялық қақпашы Жоао Пауло Гаспармен келісімшартқа қол қойды. Ол бұған дейін Бразилия Суперлигасында AFSU клубының намысын қорғаған.

Басты қақпашы Деннистің Испанияның «Пальма» клубына ауысуынан кейін «Қайрат» соңғы шептегі орнын нығайтуды көздеген болатын. Сонымен қатар, команданы басқа көшбасшылар да тастап кетті — Алиссон мен Денер «Эль-Посо» клубына ауысты.

Гаспар — Бразилияның футзалда танымал «Жоинвиль» клубының түлегі. Бұл клубтан бұған дейін де Қазақстан чемпионатына ойыншылар ауысқан, атап айтқанда — Деннис пен қазіргі таңда «Семей» клубында өнер көрсетіп жүрген Джайме.

Жоао Пауло өзінің ерекше стилімен де танымал — ол әрдайым жейдесін шалбарына салып ойнайды, бұл оның өзіндік белгісіне айналған.

Қазіргі таңда «Қайраттың» қақпашылар қатарын Нарун Серіков пен Ерасыл Шарапиденов толықтырып отыр.