02.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

«Қайрат» басшылығы Рафаэль Уразбахтинге қатысты түсініктеме берді

«Қайрат» басшылығы Рафаэль Уразбахтинге қатысты түсініктеме берді

«Қайрат» футбол клубы бас бапкер Рафаэль Уразбахтиннің «Ақтөбемен» кездесудегі дөрекі әрекетіне байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sport12.kz.

Аталған кездесуде алматылық клубтың бас бапкері балағат сөз айтуына байланысты төреші тарапынан қатаң жазаланып, қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.

— «Қайрат» футбол клубы ҚПЛ-дың 11-турының «Ақтөбе» ФК-ға қарсы матчының соңында бас бапкер Рафаэль Уразбахтин трибуналарда отырған адамдарға бейәдеп сөз айтқанын растайды. Бұл оқиға бапкер техникалық аймақтан қуылғаннан кейін орын алды. Яғни трибуналардағы арандатуға және ойын барысында төрешінің бірқатар даулы шешімдеріне эмоционалдық реакция ретінде туындады. Клуб кәсіби және этикалық жауапкершілік тұрғысынан мұндай сөздерді айтуға болмайды деп санайды, — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ клуб басшылығы кездесу барысында жергілікті жанкүйерлер тарапынан дөрекілік болғанын жеткізеді.

— Сонымен қатар бүкіл кездесу барысында трибунадан «Қайрат» ФК өкілдеріне қарсы үнемі қорлайтын, арандатушылық және бейәдеп сөздер айтылғанын, сондай-ақ агрессивті әрекеттердің, оның ішінде техникалық алаң мен қосалқы ойыншылар отыратын орынға бөгде зат лақтырғанын атап өткіміз келеді. Бұл стадионда жанкүйерлердің былай әрекет етуі бірінші рет емес және тиісті қауіпсіздік шараларының жоғын көрсетеді.

«Қайрат» футбол клубы Идрис Умаев, Неманья Анджелкович пен Бағдат Қайыров есімді «Ақтөбе» футболшыларының әрекеттерін тексеруін де талап етеді. Олар матч кезінде және одан кейін командамыздың ойыншыларына қатысты дөрекі және арандатушылық іс-әрекет жасаған. Клуб бұл оқиғаларға ресми баға беріліп, тиісті шара қабылдануы керек деп есептейді.

«Қайрат» ФК барлық ресми шарада құрмет, спорт этикасы және тиісті тәртіп қағидаттарын ұстанатынын растайды. Жақын арада клуб Қазақстан футбол федерациясына матч барысында төрешілердің даулы шешімдерін егжей-тегжейлі қарауын талап етіп, ресми үндеу жолдайды және құзырлы органдардан ашық әрі объективті жауап күтеді, — деп толықтырды клуб басшылығы.