08.09.2025
Оқу уақыты: 1 мин

Президент: Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек

Президент: Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына арнаған жолдауында футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Sport12.kz.

— Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни, клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз Қазақстанда футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент сөйлеген сөзінде бюджеттен шетелден келген спортшыларға қаржы төлеуді шектеуге берген тапсырмасына қатысты пікірін білдірді.

— Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.