04.04.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Оқжетпес – Тобыл: Көкшетаулықтар азулыларға қарсы тұра ала ма?

Оқжетпес – Тобыл: Көкшетаулықтар азулыларға қарсы тұра ала ма?

Қазақстан премьер-лигасының төртінші турында Көкшетаудың «Оқжетпесі» өз алаңында ел чемпионатындағы мықты командалардың бірі саналатын – Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды.

Стадион: «Оқжетпес» (Көкшетау)

Ойынның басталу уақыты: 15:00 (Астана уақытымен)

Оқжетпес

Көкшетаулықтар Бірінші лигадан ҚПЛ-ге жаңа ауысқан командаға лайықты деңгейде маусымды бастады. Андрей Ферапонтовтың ұжымы шабуылдауды жақсы көреді әрі біледі, ал сырт алаңдағы «Қайсарға» қарсы өнері көкшетаулықтардың оңай беріле қоятын команда емес екенін көрсетті: ойынның бірінші жартысынан кейін 0:2 есебімен жеңіліп жатса да, Дамир Марат пен алаңға тыңнан қосылған Страхиня Иванович таразы басын теңестірді (бірақ, қарсыластың бір ойыншысы алаңнан қуылған еді). Енді «Оқжетпесті» чемпиондыққа таласу мүмкіндігі жоғары командалардың біріне қарсы мачт күтуде.

«Оқжетпестің» соңғы матчтары (2-1-2, 9-7)

ҚПЛ. Қайсар – Оқжетпес 2:2
ҚПЛ. Оқжетпес – Атырау 2:1
ҚПЛ. Тұран – Оқжетпес 2:0
Жолдастық матч. Оқжетпес – Түмен 0:2
Бірінші лига. Оқжетпес – Қайсар-2 5:0

Тобыл

Қостанайлықтар маусымның басынан бері бір жеңіске қол жеткізіп, екі ойынды тең нәтижемен аяқтады. Қазақстан футболының аңызы Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтыратын команданың шабуылдағы көшбасшысы да анықталып үлгерді – ол Беларусьтен келген форвард Николай Сигневич. Сонымен қатар, «Тобылдың» құрамы жаңа ойыншылармен күшейді: Шымкенттен Қостанайға Қазақстан құрамасының капитаны Асхат Тағыберген келді. Сондай-ақ бұрын «Қайратта» өнер көрсеткен қақпашы Данил Устименко сапқа қосылды.

«Тобылдың» соңғы матчтары (1-2-2, 4-6)

ҚПЛ. Тобыл – Елімай 1:1
ҚПЛ. Жеңіс – Тобыл 0:0
ҚПЛ. Тобыл – Ұлытау 2:0
Жолдастық кездесу. Тобыл – Рига 1:2
Жолдастық кездесу. Крылья Советов – Тобыл 3:0

Матчты қайдан көруге болады?

Ойынды тікелей эфирде Sport + Qazaqstan телеарнасы көрсетеді.

Болжам

Командалардың қазіргі құрамын ескерсек, ең ықтимал нәтиже – голға бай тең ойын.

Біздің парақшамыздан футбол матчтарының барлық нәтижелерін Live форматта бірінші болып біліңіз!