26.06.2025
Оқу уақыты: 2 мин

Нұрсұлтан Құрман ұлттық құрамадан Ермұхамед Мәуленнің не үшін кеткенін айтты

Нұрсұлтан Құрман ұлттық құрамадан Ермұхамед Мәуленнің не үшін кеткенін айтты

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман Спорт Пульс YouTube арнасына берген сұхбатында ұлттық құрамадан Ермұхамед Мәуленнің не үшін кеткенін айтып берді.

Ермұхаммед Мәулен кезінде Әділет Барменқұловтың кеңесшісі болып жұмыс істеген. Әділет Назарбайұлы федерациядан кеткеннен кейін, оның штатындағы командада да өзгерістер басталды. Команда ауысқан соң, Ермұхамедтің де кетуі қажет болды.

«Оны федерациядан көргім келмейді»

Кейінірек мен Ермұхамедпен сөйлестім. Ол маған қазір федерацияда жұмыс істемейтін бір адамның «мен оны федерацияда көргім келмейді» дегенін айтты. Яғни, бұл – «жұмыс істемей-ақ қой» деген белгі іспеттес болған.

Бір күні екеуміз автотұрақта сөйлесіп тұрғанымызда мен оған:

– Ермаш, мен сені федерациядан көргім келеді. Жұмыстың бағыты басталып кетті, әрі қарай жалғастыр, – дедім.

Ол да ұлттық құрамамен бірге жұмыс істегісі келетінін жеткізді. Содан кейін мен оған ресми ойындарға баруды, оқу-жаттығу жиындарына қатысуды, баспасөз мәслихатын жүргізуді ұсындым. Ермұхамед бұл ұсынысқа қарсы емес екенін айтты.

Осы әңгімені федерация басшылығына жеткіздім. Олар:

– Егер сен қаласаң, ешқандай мәселе жоқ. Бастысы – ұлттық құраманың мүддесі үшін адал жұмыс істеуі, – деп қолдау көрсетті.

Айта кететін жайт, Ермұхамед бір букмекерлік компанияның подкастында тұрақты резидент. Сол подкастта қазақстандық клубтарға қатысты сын айтылып тұрады. Осыған байланысты кейбір клубтардың қызметкерлері маған хабарласып:

– Неге ұлттық құраманың баспасөз хатшысы біздің клубтың ішкі жұмысына араласады? – деген сұрақтарын қойды.

Алайда Ермұхаммед ұлттық құраманың штаттағы қызметкері емес. Мен бұл жағдайды әр хабарласқан адамға түсіндіріп айтамын:

– Ол бізде баспасөз хатшысы емес. Ұлттық құраманың толыққанды қызметкері емес. Тек келісімшарт негізінде баспасөз мәслихатын жүргізіп, ақпараттық қолдау көрсетеді, – деймін.

Клуб қызметкерлері бұл жауаптан кейін Ермұхаммедке тікелей хабарласа бастады. Солтүстік Македониямен болатын матчтың алдында Ермаш маған:

– Осы ойыннан кейін қызметімнен кетейін. Подкасттағы пікірлеріме байланысты сені де мазалап жатыр. Ал мен өз пікірімді ашық айтқым келеді, – деді.

Шынында да, әрбір подкастынан кейін сынға ұшыраған клубтардың өкілдері маған қайта-қайта хабарласа берді. Бір күні мен Ермашқа:

– Мен адамдарға сенің ұлттық құраманың баспасөз хатшысы емес екеніңді түсіндіріп шаршадым, – дедім. Ол да:

– Мен де шаршадым, – деді.

Содан кейін:

– Мен бұл қызметтен кетейін. Енді еркін пікір білдіремін. Бұл сіздерге де зиянын тигізбейді, – деп шешім қабылдады.

Осылайша, Ермұхаммед Мәулен ұлттық құрамамен жұмысты өз еркімен тоқтатты. Қазіргі таңда ұлттық құраманың баспасөз мәслихатын жүргізетін, яғни құраманың “бет-бейнесі” қызметі бос тұр, — деді Нұрсұлтан Құрман өз сөзінде.